Байбалам салатындай себеп көріп тұрған жоқпын - Тоқаев Ұлттық қордағы ақша жайлы пікір білдірді
Президент атап өткендей, Ұлттық қордағы қаражат мемлекеттен мүддесінен басқаға жұмсалып жатқан жоқ
Бүгін отандық бизнес өкілдерімен кездескен президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордан ақша алу дағдарысқа түстік дегенді білдірмейді деген пікірін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Үкімет кредит мөлшерлемесін субсидиялау арқылы банк қаржысын тарту туралы бастама көтерді. Қаржы секторы осы міндетті орындауға белсенді қатысуға тиіс. Үкімет Кепілдік қорын құру мәселесін пысықтап жатыр. Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан «ұзақ мерзімге берілетін» қаржы тартылады. Бұл – жеткіліксіз. Нақты секторды кредиттеу көлемін арттыру үшін басқа да ұсыныстар қажет. Мен Үкімет отырысында Ұлттық қор ел экономикасының бір бөлшегі екенін айттым. Кейбір шолушылар, қоғам қайраткерлері Үкіметтің Ұлттық қордан жиі әрі көп қаржы алатынын айтады. Бұл – қалыптасқан ахуалға байланысты қабылданған шешім. Осыған бола «дағдарысқа тап болдық» деп байбалам салатындай себеп көріп тұрған жоқпын. Қорды не үшін құрдық? Қор қаржысы мемлекеттік маңызы бар міндеттерден өзге мақсатқа жұмсалып жатса бір жөн», - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, нарықтағы реттеуші шаралардың қатаңдағанына қарамастан, тұтынушылық несие көлемі бұрынғыдай өсіп келеді.
«Былтыр аталған көрсеткіш 33 пайызға ұлғайды. Ал проблемалық борышкерлердің саны 1,5 миллион адамнан асты. Қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керек. Бұл – аса өзекті саяси мәселе. Сонымен қатар қаржылық сауатты арттыру, әсіресе өскелең ұрпақтың осы бағыттағы білімін жетілдіру маңызды. Осы ретте банктер проблемалық займдарды қайта қаржыландыру жұмыстарын күшейтіп, борышкерлердің санын өсіруге жол бермегені жөн. Азаматтарға алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттерге айрықша мән беру қажет», – деді Мемлекет басшысы.