Тоқаев зейнетақы қорындағы ақшаны анағұрлым белсенді пайдалануға болады дейді
Бірақ, бұл стратегиялық жобаларға қатысты

Бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайтарымы жоғары стратегиялық жобалар үшін Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан нарық шарттарына сай «ұзақ мерзімге берілетін» қаржыны анағұрлым белсенді тартуға қолдау танытты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
«Бизнестің кепілге қоятын мүлкінің болмауы нақты секторды кредиттеуге кедергі келтіреді. Сондықтан займды кепілдендіру құралдарын көбейту қажет. Үкімет салалық даму институттарымен бірлесіп, кепілдік қорын құру мәселесін пысықтауы керек. Банктердің, корпорациялардың, орталық және жергілікті билік органдарының жыл сайынғы жарнасы есебінен қаржыландырылатын мұндай қорлар бірқатар елде өз тиімділігін көрсетті. Сондай-ақ экономикалық қайтарымы жоғары стратегиялық жобаларды жүзеге асырған кезде Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан нарық шарттарына сай «ұзақ мерзімге берілетін» қаржыны анағұрлым белсенді тартуға болады», - деді Тоқаев.
Айта кетейік, жуырда үкімет Қазақстанның инфрақұрылым жөндеу үшін бірнеше дереккөзден, соның ішінде, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан да ақша тартылуы мүмкін екенін айтқан болатын.