Үкімет инфрақұрылымды жаңғыртуға қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы ақшасын тартуы мүмкін
Бұл туралы үкіметтегі брифингте вице-премьер Қанат Бозымбае мәлім етті
Қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы қаражаты елдегі энергетикалық инфрақұрылым нысандарын модернизациялауға жұмсалуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы үкіметтегі брифингте вице-премьер Қанат Бозымбаев мәлім етті. Брифингтен кейін Azattyq Rýhy тілшісі Бозымбаевқа қосымша сұрақ қоя отырып, осы мәселені нақтылады.
«Баяндамаңызда айтқандай, алдағы бес жыл ішінде коммуналдық желілерді жаңғыртуға шамамен 6,8 трлн теңге жұмсалады екен. Қаржыландыру көздері әр жерден болады. Баяндамаңыздан түсінгеніміз, зейнетақы қорындағы ақша да тартылады екен. Қандай сомада», - деді сұрақ қойған Нұргүл Абайқызы.
Сұраққа жауап берген Бозымбаев баяндамасында айтқандай, 6,8 трлн теңге әзірге болжамды қаражат екенін, ол не азаюы не көбеюі мүмкін екенін қайталады.
«Иә, әр көзден тиісті қаржы тартылады. Соның ішінде зейнетақы қоры да бар. Инфрақұрылым дегеніміз – қаржы өзін өзі ақтайтын ең сенімді салалардың бірі дейді. Сондықтан, ол мәселе де қарастырылады. Инфрақұрылымды жаңғыртуға нақты қанша қаражат бөлінетіні бірінші жартыжылдықта немесе бірінші жартыжылдықтан кейін, компаниялар жобаларын әзірлеп біткеннен кейін белгілі болады», - деді Бозымбаев.