«Жалақыларын төмендетіп көрсетеді»: депутат жұмыс берушілердің салықтан қалай қашатынын айтып берді
Ел бойынша жұмыс берушілердің 52 пайызы осындай әрекет жасайтын көрінеді

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым жаңа салық кодексі аясында «көлеңкелі экономиканы» жою көзделгенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазір әртүрлі көзқарастар бар. Бізде қазір көп азамат жеңілдік сұрап жатыр. Бірақ жұмыс берушілердің 52 пайызы өз қызметкерлеріне толық ақшасын төлеп жатқан жоқ. Қазақстандағы жұмыс берушілердің басым бөлігі өз қызметкерлерінің жалақысын төмендетіп көрсетеді. Қалғанын конвертпен төлеп жатыр. Ешкім өз қалтасынан қаражат шығарып, нәпақасынан бас тарта алмайды. Елде салық процессін басқару, өндіру, жинау үдерісінде кемшіліктер бар екенін көрсетіп отыр. Қазақстан бойынша салалық орташа есепте жалақы 250 мың теңгенің айналасында тұр. Кем дегенде 100 мың теңгенің ақшасы конвертпен беріледі немесе «көлеңкелі экономика» аясында жүр», - деді ол.
Депутат атағандай, жаңа салық кодексі қарапайым азаматтарға қосымша құн салығын немесе өзге де салықтарды өсірмейді.
«Оны президент те, үкімет басшылары да айтты. Біздің міндет белгілі бір сатыдан асқан соң, көлік, зәулім үй үшін салықты көбейту. Байыған сайын, беруге дайын болу керек. Бұл – әлемдік тәжірибе. Осы тұрғыда жұмыс жүріп жатыр. Кем дегенде келесі жылдың желтоқсанына дейін Мәжілістің уақыты бар. Оның ішінде біз заң жобасын әзірлеп Сенатқа беруіміз керек, олар 2-3 ай уақыт жұмыс істейді. Осының бәрі ескеріледі, жұмысқа алынады. Бүгінде апта сайын 2 отырыс өтеді. Қыркүйектен бастап он бесшақты отырыс өткіздік. Жұмыс тобында 30-дан астам депутат бар. Біз ұсыныстардың бәрін талқылап, оны енгізуге тырысамыз», - дейді Айдос Сарым Astana Open Dialogue аналитикалық платформасының екінші отырысының кулуарында.