Қазақстан халықаралық банктерден жалпы сомасы 600 млрд теңге қарыз алады
Борыш 11 жылға беріледі

Қазақстан үкіметі бір апта ішінде осымен үшінші рет халықаралық ұйымдардан қарыз ақша тартып жатыр. Осы жолы борышты Халықаралық қайта құру және даму банкі береді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін Парламент Мәжілісіне «Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді («Инклюзивті және тұрақты экономикалык өсу» атты даму саясатын қаржыландыруға арналған қарыз)» ратификациялау туралы» заң жобасы енгізілді.
Депутат Татьяна Савельеваның айтуынша, келісім биыл 11 қазанда Астанада бекітілген.
«Халықаралық қайта құру және даму банкі Қазақстан Республикасына 84,9 миллиард йен (шамамен 270 млрд теңге - ред.) мөлшерінде қарыз береді. Өтеу мерзімі – 11 жыл. Бұл борыш жоспарлы кезеңге республикалық бюджет тапшылығының бекітілген мөлшері аясында ел экономикасының орнықтылығын қолдау үшін тартылады», - деді ол жалпы отырыста.
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті осы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлейді.
Естеріңізге салайық, осыдан тура бір апта бұрын Қазақстан Азия Даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен жалпы сомасы 105 миллиард йен (шамамен 330 млрд теңге) қарыз алатынын жазған едік. Тиісті заң жобалары өткен сәрсенбіде Мәжілістің қарауына енген болатын. Азия даму банкі елімізге 52,3 млрд йен берсе, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен де 52,7 млрд йен сұрап отыр.