Қазақстан жаңа жиналған астықтың 1,8 млн тоннасын экспорттап үлгерді
Астық Ресейге де еш шектеусіз тасымалданып жатыр
«Қазақстан темір жолы» АҚ мәліметі бойынша қыркүйек-қазан айларында жаңа егіннің 2,2 млн тоннадан астамы тасымалданған, оның ішінде 1,8 млн тоннасы экспортқа шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл көрсеткіш былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 30%-ға жоғары, деп атап өтті ауыл шаруашылығы министрлігі.
«Ресейге тасымал еш шектеусіз жүргізіліп жатыр. Соңғы екі айда көрші елге 23,4 мың тонна жіберілді, ал Ресей арқылы транзиттік тасымалдау 113 мың тоннаны құрады. Ақтау порты арқылы Иранға соңғы екі айда 250 мың тоннадан астам астық тасымалданды», - делінген хабарламада.
АШМ ақпаратынша, Орталық Азиядағы дәстүрлі нарықтарға жаңа егіннің тасымалы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30 пайыздан астамға ұлғайып, 1 млн тоннадан асқан.
Осыған дейін сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Қазақстанның бидайы қай елдерге және қанша көлемде экспортталатынын айтқан еді.