Пойыз билеттері неге қымбаттайды – Қарабаев жауап берді

Министрдің айтуынша, соңғы он жылда пойыз билеттерінің бағасы тек инфляция шегінде ғана көтерілген

Пойыз билеттері неге қымбаттайды – Қарабаев жауап берді
Фото: © istockphoto.com

Бұған дейін жазғанымыздай, елімізде вагондарды жаңарту және жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін биыл 1 қазаннан бастап пойыз билеттерінің бағасы 20 пайызға өседі. Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистер көлік министрі Марат Қарабаевтан неге мұндай шығындар тұтынушылардың қалтасынан шығып жатқанын сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министр тұтынушылар тарапынан ескі вагондарға қатысты көп шағым түсетінін жасырмады.

«Соңғы он жылдың ішінде билеттердің құны тек қана инфляция деңгейінде өзгерді. Бірақ жалпы құны ешқашан өзгерген жоқ. Сол дер кезінде қабылданбағанның салдарынан бірден 20 пайызға көтеріп отырмыз. Бірақ бағаны жиырма пайызға өсірген соң, одан түскен ақша Қазақстан теміржолы мен жекеменшік тасымалдаушылардың қалтасына түседі дегенді білдірмейді. Біз дәл сол сомаға субсидияны төмендетуді жоспарлап отырмыз. Субсидия да халықтың ақшасы, өйткені мемлекеттің бюджетінен шығып жатыр. Сол себепті осындай шешім қабылданып, әрі қарай жұмыс істеп жатырмыз», - деп жауап берді Қарабаев.

Осы орайда журналист министрден соңғы рет пойызға қашан отырғанын сұрады.

«Соңғы рет пойызға былтыр желтоқсан айында отырдым. Маған жақсы вагон берілген жоқ, дәл сол пойыз. Пойыздың өзі көңілімнен шықты. Өйткені вагон 2014 жылы сатып алынған. Қазір ол онжылдық вагондар. Шынымен де жай-күйі жақсы», - деп атап өтті ведомство басшысы.

Қарабаев елдегі 2667 вагонның 25 пайызы ескі екенін айтады. Министрлік оларды біртіндеп жаңартып жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.