Көлік министрлігі ескі вагондарды жаңарту үшін пойыз билеттерін 20% қымбаттатады

62 маршруттың тарифі өсті 

Көлік министрлігі ескі вагондарды жаңарту үшін пойыз билеттерін 20% қымбаттатады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Көлік министрлігі биыл 1 қазаннан бастап пойыз билеттерінің бағасы 20 пайызға өсетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

КМ баспасөз қызметінің ақпаратынша, елімізде 140 жолаушылар бағыты бар, соның 62-сінде тариф өседі.

«Бұл вагон паркін жаңарту, көрсетілетін қызметтер сервисін жақсарту және жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін қажет. Сондай-ақ, соңғы он жылда әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша билет бағасы көтерілмегенін ескерген жөн», - дейді ведомстводағылар.

Жолаушылар вагондары паркі 2 667 бірлікті құрайды, олардың тозу көрсеткіші – 44%. Вагондарды жекеменшік те, ұлттық тасымалдаушылар да жаңартып жатыр.

Мәселен, былтыр 118 жолаушылар вагоны, биыл 140 вагон сатып алынған. Ал 2025 жылдан бастап жыл сайын 200 вагон сатып алу жоспарда бар, осылайша 2030 жылға дейін 1200 жаңа вагон алынады, деп атап өтті министрлік.  

Әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша пойыз билеттерінің қымбаттауы «Теміржол көлігі туралы» заңның 12-бабына сәйкес жүзеге аспақ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.