Қатты жел мен жауын-шашынның салдарынан диқандар астықтан айырылып қалуы мүмкін

Елдің солтүстігінде жаппай егін орағы тамыздың екінші жартысында басталады

Қатты жел мен жауын-шашынның салдарынан диқандар астықтан айырылып қалуы мүмкін
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Қазгидромет мамандары тамыз айында астық жинауға кірісетін шаруаларды қолайсыз ауа райы күтіп тұрғанын ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елдің батысындағы жекелеген аудандарда егін орағы шілде айының соңында басталған. Ал республиканың шығысында, орталығы мен солтүстігінде жаппай егін жинау науқаны тамыздың екінші жартысында басталады деп күтілуде.

«Алдын ала есептеулерге сәйкес, тамыздың екінші онкүндігінде сабақтағы бидай жақсы кебеді. Тамыздың үшінші онкүндігінде астық егетін аймақтың басым бөлігінде комбайнның тәулігіне орта есеппен 14-17 сағат жұмыс істеуі үшін ауа райы қолайлы болады. Алайда, республиканың солтүстігінде егін орағы кезінде күн бұзылады. Тамыздың екінші жартысында жауын-шашын мен желдің 15-20 м/с дейін күшеюі салдарынан бидай сабақтары құлап, астықтың бір бөлігінен айырылуымыз мүмкін. Себебі бұл егін орағын қиындатады», - деп мәлімдеді Қазгидромет.

Синоптиктердің болжамынша, қыркүйектің бірінші онкүндігінде ауа райы анағұрлым қолайлы болады, бірақ онкүндік соңында республиканың көп бөлігінде жаңбыр жауып, ауа температурасы төмендейді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.