Мұнай бағасы $30 өспесе, Ұлттық қордағы қаражат 6-8 жылда таусылады
Зерттеу орталығының болжамы
Қазақстан экспортқа шығаратын Brent маркалы мұнай бағасы $20-30 болса, Ұлттық қордағы қаражат 6-8 жылға ғана жетеді. «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы осындай болжам жасады.
Институт зерттеуінде мұнай бағасы $40-ды құраса, қор ақшасы 12,6 жылда, $30 болса 7,9 жылда, $40 болса 12,6 жылда сарқылатыны жазылды.
Қазіргі уақытта Ұлттық қор резервінде $57,5 млрд доллар бар. Ол жан басына шаққанда шамамен, 3 мың доллардан келеді. Бұл Ресеймен салыстырғанда 3,5 есеге жоғары. Себебі, РФ-ның әл-ауқат қорындағы $123,1 млрд-ты елдің әр тұрғынына бөлгенде $839-дан тиеді. Егер мұнай бағасы өспесе, Ресейде де қор қаржысы 6-10 жылда таусылады.
Белгілі ресейлік сарапшы Андрей Мовчан дағдарыс уақытында экономиканы қолдау үшін Қазақстанға қордағы қаржының үштен бірін жұмсаса жеткілікті екенін айтады. Ал Ресейге 9 трлн рубль, яғни бар ақшаны құюға тура келеді.
«Талап» орталығы мұнай бағасы $20 кезінде Қазақстанда бюджет дефициті 3 трлн теңге болады деп бағалады. Қазір Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша тапшылық 2,4 трлн көлемінде. Бүгінде мұнайдың бір баррелі $23,4 құрады.
Айта кетейік, соңғы үш айда қара алтын бағасы $60-дан бірден төмен құлдырады. Қазақстанның республикалық бюджеті былтыр мұнай бағасы $55 болады деген болжаммен бекітілген еді. Дегенмен, ол қайта қаралып, 8 сәуірде $20 деп нақтыланды. Ал Ұлттық қордан бюджетке аударылатын кепілдендірілген трансферт 2 трлн теңгеге ұлғайтылды.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан