$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.04.2020, 14:48
Экономика

Қазақстанда Ұлттық қордағы ақша туралы ашық ақпарат берілмейді – сарапшы пікірі

Еліміз бюджет ашықтығы бойынша 100-ден 58 балл алған

Қазақстанда Ұлттық қордағы ақша туралы ашық ақпарат берілмейді – сарапшы пікірі
Фото: Forbes.kz

Қазақстан бюджеттің ашықтығы бойынша 117 елдің ішінде 37-ші орынға тұрақтады. Бұл туралы «Сандж» зерттеу орталығының басшысы Жанар Жандосова хабарлады. Жүздік  өлшем бойынша Қазақстан 58 балл алып, Қырғызстан, Ресей, Грузия елдерінен артта қалған. Дегенмен көрсеткіш 2018 жылға қарағанда 5 ұпайға жоғары.

«АҚШ, Ресей, Австралия сияқты елдер бюджет бойынша кеңейтілген ақпарат береді. Біздің Үкімет шектеулі мәлімет ұсынады. Егер 60 ұпайдан жоғары алсақ, салыстырмалы түрде ашық мемлекеттер қатарында болушы едік. Қазір біз Моңғолия, Әзірбайжан және Шығыс Еуропа елдері деңгейіндеміз. Бірнеше жылдан бері осы бір көрсеткіште қатып қалдық», - деді Ж. Жандосова бюджеттің ашықтығы туралы дөңгелек үстел барысында.

Себебі, Қазақстан 20 жыл ішінде өз позициясын 20 ұпайға ғана жоғарылатқан. Ал одан әрі өсу үшін бюджеттің кіріс-шығыстары туралы ақпарат тек «қызметтік пайдалану» үшін емес, толыққанды, халыққа түсінікті түрде ұсынылуы керек.

«Біз екі мәселе бойынша артта қалып жатырмыз. Біріншісі –  министрліктің Парламентке бекітуге, азаматтық қоғаммен талқылауға ұсынатын бюджетті жоспарлау жобасы. Ол жерде ақшаның нақты бір салаға не үшін жұмсалатыны түсіндірілмейді. Екіншісі – азаматтық бюджет. Бұл бойынша бюджеттік жобаның халық танысып  көруі үшін жеңіл тілмен жазылған нұсқасы болуы қажет. Қоғамдық ұйымдар бюджетті талқылауға шақырылмайды. Мүмкін қандай да бір кездесулер өткізіліп жатқан шығар, бірақ жүйелі жұмыс жоқ», - деп баға берді институт өкілі.

«Zertteu Research Institute» қоғамдық қорының жетекшісі Шолпан Әйтенова Ұлттық қордың ақшасы туралы ақпарат халыққа қолжетімсіз екенін, оның өз сайты жоқ екенін айтты.

«Қазір Ұлттық қор ақшасының жұмсалуы жайлы есеп Қаржы министрлігінің және Ұлттық банктің сайтында жарияланады. Қор 2001 жылы құрылды, енді оған өзіне жеке портал ашып, толық мәліметтерді жариялап отыратын уақыт жеткен сияқты. Қаржы министрлігінің сайтынан қордың салықтық, инвестициялық түсімі туралы Excel нұсқасындағы файлды ғана алуға болады. Бұл жеткіліксіз. Қазақстан қорды құрғанда  үлгі ретінде алған Норвегия ұлттық қорының сайтында барлық инвестициялық ағынды бақылауға мүмкіндік бар. Мысалы, былтыр Қазақстан қорды басқару әдістерін өзгерткенін, енді алтын сатып алуға болатынын біз, сарапшылар түсінерміз. Ал халық қор  түсімдері оларға қандай пайда береді, неге қазір қор ақшасын жұмсауға болмайды деген сияқты сұрақтардың жауабын білмейді», - деді Ш.Әйтенова.

Сарапшы жалпы бюджеттік шығындардың ашық болуы біріншіден, қаржының мақсатты түрде жұмсалуы үшін қажет деп есептейді.

«Мысалы, өткенде гүл сататын компания медициналық маска жеткізу бойынша тендерді ұтып алады. Соны жариялағанымызда жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі ол әрекеттің жолын кесті. Бұл ашықтықтың пайдасының бір мысалы ғана. Екіншіден, халық тарапынан сенімсіздікті азайтады. Үшіншіден, мемлекеттік басқарудың тиімділігі үшін керек. Себебі, ашық ақпарат жарияланғанда оны алу үшін арнайы өтініш, ұсыныс жазудың қажеті жоқ», - деп айтты ол дөңгелек үстел кезінде.

Айта кетейік, жоғарыда атап өткен бюджет ашықтығы индексін өлшеу әлемде тәуелсіз түрде жүзеге асырылады. Зерттеуде халықаралық талаптарға сәйкес өлшемдер қолданылады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары