Астана әкімдігі жаңбыр суын сорып алу үшін бір көзден 1,6 млрд теңгенің тендерін өткізіп жатыр

Автор: Темірхан Айжан

Бір көзден өтетін сатып алуға Астана қаласы әкімдігіне қарасты компания шақырылған 

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Елорда әкімдігі нөсер кәріз жүйелерін, су бұрғыш арықтарды күтіп ұстау, пайдалану, тазалау қызметтеріне 1,6 млрд теңгенің тендерін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Аталған қаражатқа 2 қар балқыту машинасы, 1 өндірістік және материалдық-техникалық база, 3 дөңгелекті эксковатор, 15 вакуумдық машина, 2 шасси, 1 бу цистерна алынады. Сонымен бірге, 18 С санаттағы жүргізуші, 3 машинист-механизатор, 50 авариялық-қалпына келтіру жұмыстарының слесарі, 50 тазарту құрылыстарының операторы, 10 сорғы қондырғыларының машинисті жұмысқа алынады.

Мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәліметтерде сүйенсек, 2 күннен кейін тендердің жеңімпазы анықталады, бірақ анықталады дегеннен гөрі әлден белгілі десек болады.

Бір көзден сатып алу тәсілімен өтіп жатқан конкурста бір-ақ компанияның аты белгілі. Ол «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК. Компанияның құрылтайшысы Астана қаласының әкімдігі, «Астана қаласының отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ.

Қызметті ұсынушы компания қалаға жауын-шашын жауғанда бір сағаттан кешікпей жұмысын бастауға тиіс.

«Elorda Eco System» компаниясы 24 км дренаждық желіні, 562,2 км нөсерлі кәріз желілерін, 48,8 км науалық-арық желісін тазарту, 17 тазарту құрылыстарының, 1 жинақтаушы тоғандардың, 114 сорғы станцияларының, 28 иесіз 20082 бірлік құдықтардың жұмыс жағдайын қамтамасыз етпек.

Әдетте елордаға жарты күн жаңбыр жауса, көше беті көлге айналып, қала халқы толарсақтан су кешеді. Бұл көріністі жұртшылық Астана Астана болғалы көріп келе жатыр. Алғашқы президенттің ЭКСПО халықаралық көрмесіне дайындық кезінде суға кеткен көшелердің суретін көріп,  бұрынғы әкім Әділбек Жақсыбековке «ЭКСПО-ға моторлы қайықтар дайында, бүкіл әлемге масқара болайық. Жөндеп кіріс» деген қанатты сөзі бар еді. Сол кезде шаһар басшылығы проблеманы 3 жылда шешеміз деп уәде берген. Алайда арада 8 жыл өтті. 

Айта кетейік, бұған дейін хабарлағынымыздай, Астана әкімдігі су баса беретін Момышұлы даңғылын 2,7 млрд теңгенің тендеріне жөндеу үшін де тендер жариялаған.