Қазақстанда шағын көліктер салықтан босатылуы мүмкін
Бүгін Үкімет отырысынан соң Энергетика министрі Қанат Бозымбаев шағын көлемді көліктерді салықтан босату туралы ұсыныс айтылғанын жеткізді
Бастама қозғалтқыш көлемі 3 текше метрге дейінгі көліктерге қатысты болмақ. Министрдің айтуынша, бұл ұсыныс бензин акцизінің құны (бензин өндірушілерге салынатын жанама салық - авт) өссе, өзекті болмақ.
«Біз бензин құю көлемі кішкене көліктерді салықтан босату туралы ұсыныс дайындадық. Егер бензин акцизінің деңгейі өссе, әрине, бензин бағасы да өсуі мүмкін. Сондықтан, шағын литрлі автокөліктерді көлік салығын жою керек немесе азайту керек деген ұсынысымыз бар. Оны Ұлттық экономика министрлігіне енгіздік», - дейді ол.
Бірақ, энергетика министрі осы жылдың соңына дейін, жалпы, 2024-2025 жылдарға дейін Қазақстанда бензин бағасы өспейді дейді,
«Нақты айтайын, осы жылда бензиннің бағасының өсуіне ешқандай негіз жоқ. 2024-2025 жылдардан бастап, Ресей, Қырғыз, Беларусь, Армениямен бір нарықта боламыз, араларымызда ешқандай шектеу болмайды. Бәсекелі нарық болады. Бәсекелестік болса, бағалар тең болу керек, ол түсінікті. Егер біз арзан баға ұстасақ, бір айдың ішінде сатып алады да, қайта сатады», - дейді Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Айта кетейік, қазір Ресеймен салыстырғанда, Қазақстанда бензин бағасы 100 теңгеге, ал, дизель отыны 50-60 теңгеге арзан.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан