Үкімет су саласындағы 16 жобаға 500 млрд теңге инвестиция салмақ

Azattyq Rýhy

Бұл туралы вице-премьер, ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлім етті

Үкімет су саласындағы 16 жобаға 500 млрд теңге инвестиция салмақ
Фото: primeminister.kz

Үкімет су саласындағы 16 негізгі жобаға 500 млрд теңге инвестиция салмақ. Бұл туралы үкімет сайтына сұхбат берген вице-премьер, ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Көктемде орын алған су тасқыны еліміздің су шаруашылығы жүйесі инфрақұрылымының дұрыс дамымағанын көрсетті. Біз 500 млрд теңгеден астам инвестицияны талап ететін 16 жобаны анықтадық»,- деді ол. 

Бұл инвестициялардың қаржыландыру көздері анықталған. Ислам даму банкі тарапынан жеңілдетілген қаржы тартылғалы отыр. Қаражат ұзақ мерзімге және өте төмен мөлшерлемемен беріледі, бұл аталған салада қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

Су шаруашылығы жүйесін жаңарту су қоймалары мен суару арналарын салуды, сондай-ақ қызметтердің техникалық инфрақұрылымын нығайтуды қамтитын болады.

«Ең алдымен, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз Төтенше жағдайлар министрлігінің жүйесіндегі техникалар мен құралдарды толық жаңартамыз. Су шаруашылығында “Қазсушар” жүйесін қажетті техникамен жабдықтаймыз», - деп атап өтті министр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.