$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ұласбек Сәдібеков моноқалаларды дамыту бағдарламасын қайта іске қосуды ұсынды

Депутат Кентау мен Арыстың проблемаларын тізіп шықты

Ұласбек Сәдібеков моноқалаларды дамыту бағдарламасын қайта іске қосуды ұсынды
ФОТО: Amanat

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібеков үкіметке жолдаған депутаттық сауалында шағын қалалардың халқына жағдай жасау үшін «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасын қайта іске қосуды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Депутат президенттің елдегі моноқалаларды дамытуға әрдайым айрықша көңіл бөлетінін атап өтті. Мәселен, айтуынша, Түркістан облысына қарасты Кентау мен Арыс қалаларында инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп, халықтың жайлы ортада өмір сүруіне қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Бірақ моноқалада шешімін таппай отырған өзекті мәселелер әлі де бар.

«Атап айтар болсақ, Кентаудағы жылу жайы. Қазіргі таңда 1934 жылы салынған жылу энерго орталықтың қызметін 14 мыңнан астам абонент тұтынып отыр. Оның ішінде 347 көпқабатты тұрғын үй, 2000 астам жеке сектордағы тұрғын үй және 106 бюджеттік мекеме мен 441 коммерциялық нысан бар. Жалпы аталған жылу орталығы жабдықтарының 85 пайызы тозған. Соның салдарынан өткен жылғы қысқы маусымда кентаулықтар тоңып шықты. Сапалы жылуды тұтына алмады», - дейді Сәдібеков.

Сондай-ақ Кентау қаласында 56 көпқабатты тұрғын үй ауласы бар. Оның 33-іне балалар ойын алаңшасын салу қажет. Бұл мәселеге жергілікті бюджеттің қаржысы жетпейді. Сондықтан әкімдік асфальт төсеу, балалар ойын алаңшасын орнату және абаттантыру мақсатындағы жобалау сметалық құжаттамаларын әзірлеп, республикалық бюджетке қаржы қарастыруға бюджеттік өтінім ұсынған. Оның жалпы құны 2,8 млрд теңгені құрайды.

«Кентау мен Арыс қаласына қарасты ауылдарды табиғи газға қосу ісі кешеуілдеп жатыр. Оған да негізгі себеп қаражаттың жетіспеушілігі. Мәселен, Хантағы ауылын табиғи газбен қамту мақсатында ішкі орам жүйесінің құрылыс монтаждау жұмыстары 2019 жылы жүргізілген. Қазір ауылды жоғарғы қысымды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы жұмыстардың сметалық құны 1,55 млрд теңгені құрайды. Республикалық бюджетке өтінім берілді», - деді мәжілісмен.

Айтуынша, Байылдыр ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету құны – 426 млн теңге болса, Қарнақ ауылын табиғи газбен қамтамасыз етудің жалпы құны  4,6 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, қазірдің өзінде Кентау қаласының тұрғындары толығымен табиғи газға қосылмаған. Көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын халық газ баллонын тасып, тұтынып отыр.

«Қазіргі кезде Кентаудағы тұрғын үй кезегінде 5000-нан астам адам тұр. Қалада 2019 жылдан бері көпқабатты тұрғын үй салу ісі тоқтап қалған. 15 үйге жобалау сметалық құжаттама жасалған. Енді тек республикалық бюджеттен ақша бөлу керек. Ал, жеке тұрғын үй салу мақсатында 10 000-нан астам адам жер кезегінде тұр. Алайда инфрақұрылым жүргізілмеуіне байланысы бұл мәселе де шешімін таппай келеді. Себебі, қомақты қаржы керек», - дейді Сәдібеков.

Депутат Кентау қаласын экологиялық аймаққа өткізу мәселесі де кешеуілдеп жатқанына назар аударды. Бұл бағытта жинақталған құжаттар мен комиссия жұмысының қорытындысы Экология және табиғат ресурстар министрлігі тарапынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тапсыру ұсынылған. Аталған министрлік «Арал өңіріндегі экологиялық салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңға сәйкес Кентау қаласы аумағын экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақ деп тану мәселесін шешуі тиіс.

«Ал Бәйдібек ауданы бойынша бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап тұр. Арыс қаласындағы ауылдарды таза ауыз сумен қамту мен кәріз желілерін қайта жаңарту ісіне басымдық беру қажет. Бұл бағытта жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленген. Дегенмен, жергілікті бюджет қаржысы жетпейді. Сондықтан Арыстықтар үмітін Астанаға артып отыр», - деп мәлімдеді депутат.

Сәдібеков бұл проблемалар Кентау мен Арыс қаласына ғана емес, бүкіл моноқалаға қатысты.

«Яғни, бізде шағын қалалардағы шешімін таппаған жағдайлар көп. Сондықтан «Моноқаларды дамыту бағдарламасын» қайта іске қосуды сұраймын. Сонда Кентау секілді қалалардың дамуына үлкен септігі тиер еді», - деп санайды мәжілісмен.

 

 

Серіктес жаңалықтары