Шаталов тиын-тебенге сатылып кеткен кәсіпорындар туралы: Мұндай қайталанбауға тиіс
Депутаттың пікірінше, мемлекет бизнеспен бәсекеге түспеуі керек
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Никита Шаталов үкімет басшысына экономиканы ырықтандыру шаралары туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мәжілісмен үкіметтің экономиканы басқару тәсілдерін түбірімен қайта қарау қажет деп есептейді. Шаталов «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» жарлық өзгерістердің жаңа идеологиясын қалыптастыратынын атап өтті. Ол бизнеске жеткілікті еркіндік пен адал бәсекелестік беруді көздейді.
«Ескі Қазақстанда жекешелендіру деген желеумен инфрақұрылым, денсаулық және білім нысандары, стратегиялық маңызы бар кәсіпорындар тым арзанға және керек адамдарға сатылып кеткені есімізде. Енді мұндай қайталанбауы керек. Жекешелендіру қағидаттарын әзірлеу Мәжіліс депутаттары мен сараптамалық қоғамдастықты тарта отырып, ашық түрде жүргізілуге тиіс. Жекешелендіру жөніндегі Ұлттық кеңсенің жұмысын бірлесіп, оның ішінде Мәжіліс алаңында да жүргізуді ұсынамыз», - деді Шаталов.
Айтуынша, сапалы жоспарланған жекешелендіру есебінен мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтуға болады. Қазір ЭЫДҰ оны 30-40% деңгейінде бағалап отыр. Мемлекет сатып алуда да, нарықта да бизнеспен бәсекелеспеуі керек, деп санайды депутат.
Сондай-ақ ол бизнестің құқығын қорғау мәселесін көтерді.
«Біз меншік құқығының сөзсіз кепілдігін және бизнесті сыбайлас жемқорлықтан қорғауды қамтамасыз етуіміз керек. Ешбір кәсіпкер болашағына сенімді болмаса, өз бизнесін дамытуға ұмтылмайды. Құқық үстемдігі – бұл біздің мақсатымыз, біз барлығына бірыңғай ойын ережелерін қамтамасыз етуіміз керек», - деді мәжілісмен.
«AMANAT» фракциясының депутаттары Үкіметке президенттің жарлығын орындау үшін жақын арада заң жобасын енгізуді ұсынды.
«Шын мәнінде жаппай және табысты кәсіпкерлікті қамтамасыз ету үшін біз барлығына ойынның әділ ережелерін құруымыз керек. Нарықтық бәсекелестік үшін жағдай жасап, мемлекеттің жекелеген компаниялардың қызметіне, жалпы нарықтық қатынастарға араласуына жол бермеуіміз керек», - деді Шаталов.