Туризм министрі әйелінің Бурабайдағы төрт қонақ үйін «менсінбеген» сыңай танытты
Маржықпаевтың әйелі Бурабайдағы қонақ үйлер желісінің иесі
Бүгін Үкімет отырысынан кейін журналистер Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтан оның әйелі Гүлсара Құрмановаға тиесілі қонақ үй бизнесі туралы сұрады. Яғни, еліміздің туризм саласын басқарып отырған министрдің әйелінің туризмі жақсы дамыған Бурабайда қонақ үйлер желісін басқаруы «мүдделер қақтығысына» әкеп соқтыруы мүмкін. Алайда, Ермек Маржықпаевтың айтуынша, өзі басқарып отырған министрлік пен ол «кішкентай» қонақ үйлердің арасында мүдделер қақтығысы жоқ және болуы мүмкін емес, деп жазады Azattyq Ruhy.
«Өздеріңіз жақсы білесіздер, біздің отбасымыз бизнеспен айналысады. Бірақ, оның Туризм министрлігіне еш қатысы жоқ. Мен мемлекеттік қызметке келмей тұрып-ақ, 2008 жылға дейін бизнеспен айналысқамыз. Келесі жылы бұл кәсіпорынның ашылғанына 30 жыл толады. Бұл бизнес мен мемлекеттік қызметке келмей тұрып дамыған», - дейді Маржықпаев брифингте.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, Маржықпаевтың әйелі Гүлсара Құрманованың «Береке-Бурабай» қонақ үйлер желісі бар және оған төрт қонақ үй жатады. Олар: «Береке» шипажай кешені, «Әлем плюс», «Grand Hotel Burabay» және «Нұрсат» қонақ үйлері. Қонақ үйлер желісінің ресми сайтынан анықтағанымыз, бұл қонақ үйлердегі бір нөмірдің тәуліктік бағасы 22 мың теңгеден басталады. Қазақстанда туристер ең көп баратын аймақтың бірі осы Бурабай екеніне қарамастан Маржықпаев әйелінің бизнесі мен өзінің министр лауазымы арасында мүдделер қақтығысы жоқ екенін тағы да алға тартты. Ол тіпті «бұл кішкентай қонақ үйлер» деп әйелінің бизнесін менсінбеген сыңай танытты.
«Министр мен әлгі кішкентай қонақ үйлердің арасында қандай мүдделер қақтығысы болуы мүмкін. Бұны тіпті елестетудің өзі қиын. Бұл сұрақты маған үнемі қояды. Бірақ, мен Туризм министрлігі мен ол нысандардың арасында қандай байланыс болуы мүмкін екенін түсіне алмай әлекпін. Мүдделер қақтығысы жоқ», - деді Маржықпаев.