«ҚазМұнайГаз» бензол мен параксилолды Еуроодақ елдеріне экспорттау құқығына ие болды
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» жылына 496 мың тонна параксилол өндіре алады
Атырау мұнай өңдеу зауытында өндірілетін мұнай-химия өнімдері бензол мен параксилол REACH халықаралық сертификациясынан өтіп, оны Еуропалық одақ елдеріне экспорттау құқығына ие болды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
REACH сертификаты тек халықаралық сапа сертификаттарын иеленген өнімдерге ғана емес, сонымен қатар Еуроодақ регламентінің талаптарына сай келетін өнімдерге беріледі. REACH сертификатын рәсімдеу бірнеше кезеңмен жүргізілді. Оның барысында тіркеу нөмірін алу үшін барлық қажетті құжаттама дайындалды, импорттаушы – ұйымды, яғни «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС Химиялық заттар жөніндегі еуропалық агенттігінде (ECHA) тіркеу, сондай-ақ деректерді бірлесіп беру жүйесіне (Joint Submission) қосу жүргізілді.
Еске сала кетейік, жаңғырту кезінде АМӨЗ-де салынған ароматикалық көмірсутектерді өндіру кешені жылына жоба бойынша 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол өндіре алады.