Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымын арттыруға жағдай жасалады
Мәжілісте сәйкес шарт ратификацияланды
Мәжіліс «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Заң жобасы жайлы депутат, АМАНАТ партиясы фракциясының мүшесі Айгүл Құспан баяндап берді. Қазақстан мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шарт 2022 жылғы 22 желтоқсанда Ташкентте жасалған.
«Шарттың мақсаты қазақ-өзбек қатынастарын өзара іс-қимыл мен екіжақты ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтеру, сондай-ақ екі мемлекеттің тәуелсіздігін, егемендігін, аумақтық тұтастығын және тұрақты экономикалық дамуын одан әрі нығайтуға жәрдемдесу болып табылады.
Шарттың 1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы жан-жақты ынтымақтастық, сенім, теңдік және ұлттық мүдделерді өзара ескеру, тәуелсіздікті, егемендікті, аумақтық тұтастықты және мемлекеттік шекаралардың мызғымастығын өзара құрметтеу, сондай-ақ өзара міндеттемелерді адал орындау негізінде ұзақ мерзімді одақтастық қатынастарды құрады және дамытады.
Шарт негізінде тараптар қандай да бір блоктарға немесе одақтарға қатыспау міндеттемесін растайды, сондай-ақ басқа Тарапқа бағытталған қандай да бір іс-әрекеттерге қатысудан тартынады», - деді Құспан.
Ол атағандай, шарттың 4-бабына сәйкес Қазақстан-Өзбекстан көпқырлы ынтымақтастығын бауырластық, одақтастық және стратегиялық әріптестік рухында одан әрі нығайту мақсатында тараптар мемлекет басшылары басқаратын Жоғары мемлекетаралық кеңесті құрды. Ол одақтастық қатынастарды дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындайды және Тараптардың ортақ мүдделеріне байланысты барынша маңызды мәселелерді қарайды.
«Шартта Тараптардың сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік салаларындағы, қарусыздандыру және жаппай қырып-жою қаруларының барлық түрлерін және оларды жеткізу құралдарын таратпау мәселелеріндегі, өңірдегі бейбітшілік пен келісімді нығайту ісіндегі, халықаралық терроризмді, діни экстремизм мен сепаратизмді, трансұлттық ұйымдасқан қылмысты, киберқылмысты, заңсыз көші-қонды, адам саудасын, қарудың, есірткінің, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымын қоса алғанда, жаңа сын-қатерлер мен қауіпсіздікке төнетін қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселесіндегі, сондай-ақ негізгі халықаралық проблемалар мен өзара қызығушылық туғызатын мәселелер бойынша ұстанымды анықтау кезіндегі өзара іс-қимылы көзделген», - деді Айгүл Құспан.
Тараптар Шартқа сәйкес екі мемлекеттің парламенттері, саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары арасындағы байланыстарды нығайтуға, өңірлік қақтығыстарды бейбіт жолмен және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормалары және ең алдымен егемендікті, аумақтық тұтастықты және мемлекет шекараларының мызғымастығын қамтамасыз ету және сақтау негізінде келіссөздер жүргізу жолымен реттеуге, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының басты рөлін нығайтуға жәрдемдеседі.
«Шарт аясында тараптар өзара экономикалық кооперацияны тереңдету, сауда айналымын, инвестициялық қызметті, кәсіпкерлік және өзге де шаруашылық қызметті нығайту және ұлғайту, өзара байланысты көлік жүйесін дамыту, екі ел халықтарының рухани және мәдени жақындығын сақтау, ғылым, білім, медицина, спорт, мәдениет, туризм, ақпарат алмасу саласындағы өзара байланыстарды тереңдету үшін қолайлы жағдайлар жасайды», - деді ол.
Қосымша баяндама жасаған депутат Абзал Құспан Өзбекстан біз үшін бауырлас ел, тату көрші ғана емес, сонымен қатар стратегиялық серіктес және одақтас мемлекет екенін айтты.
«Біздің халықтарымызды мыңдаған жыл бойы адал достық, өзара сенім мен түсіністік, ортақ тарих, мәдениет, тіл және туыстық қарым-қатынас байланыстырып келеді. Президенттеріміз арасында екіжақты іс-әрекеттің барлық спектріне оң әсер ететін өзара сенімді, достық қарым-қатынас қалыптасқан.Екі ел арасында орнықты шарттық-құқықтық база жасалған. Сауда-экономика саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып, мәдени-гуманитарлық байланыстар үздіксіз кеңейіп келеді.
Бүгін қаралып отырған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шарт екі ел халқының достық пен тату көршіліктің, өзара сыйластықтың мызғымас қағидаттарына негізделген ғасырлар бойғы тарихи, рухани және мәдени тұтастығынан тамыр тартады», - деді ол.
Депутаттар дауыс беру арқылы шартты қабылдады.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ