2,4 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеңіл несие беріледі – ҚазАгро
Төтенше жағдай несие беру процесстеріне кері әсер етпейді
Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурыздағы мәлімдемесінде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 70 млрд. теңге және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қосымша 100 млрд. теңге бөлуді тапсырды. Осы орайда, «ҚазАгро» Холдингінің еншілес ұйымы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы фермерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуіне үлкен мүмкіндік жасалды, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
«Кең дала» бағдарламасы бойынша бюджеттік несиелеу сомасы арқылы 3 млн. гектар егіс алқабын қаржыландыру көзделген. Аталған бағдарлама нәтижесінде 2,4 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер (АШТӨ) жеңілдетілген несиелерге қол жеткізеді. Бүгінгі күні көктемгі егіс науқанына бағытталған қаржының басым бөлігі шаруаларға берілді»,- делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында саланы қаржыландыруға қосымша қаражат та қарастырылған. Яғни, бөлінген 100 млрд. теңге елдегі егіс алқаптарындағы өңдеу, себу және жинау жұмыстарын жүргізуге бағытталады. «ҚазАгро» ҰБХ құрылымындағы компаниялардан несие алушылар үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%-дан аспайды.
«Сонымен қатар, шаруалардың қаржыға қол жеткізуін жеңілдету үшін кепіл саясатының шарттары жақсартылды. Бұл өтімділік коэффициенттерінің нақты ставкаларын анықтауға мүмкіндік берді. Кез келген жылжитын және жылжымайтын мүлік кепіл ретінде қабылданады. Атап айтқанда, жер учаскелері, ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығы, жабдықтар, а/ш техникасы, мал және мүліктердің басқа да түрлерін кепілдікке қоюға болады»,- деп хабарлайды «ҚазАгро».
Бизнес-процестерді оңтайландыру нәтижесінде несие рәсімдеу барысында талап етілетін құжаттар саны едәуір азайды. Нақты айтсақ, Заңды тұлғалар үшін құжаттар тізімі 27-ден 13 құжатқа дейін, Шаруа қожалықтары мен Жеке кәсіпкерлер үшін 16-дан 12-ге дейін қысқартылды.
Оңтайландыру жұмыстары өтінімдерді қарау мерзімдерін де қысқартуға мүмкіндік берді. Бұрын құжаттар 30 күн қаралса, қазір 10 жұмыс күнінен аспайды.
Елдегі төтенше жағдай режимі өтінімдерді қарау мен несие беру процесстеріне кері әсер етпейді. «ҚазАгро» мен оның еншілес ұйымдарының үздіксіз жұмыс істеуі толық қамтамасыз етілді.