$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.03.2020, 18:11
Экономика

Мұнай өндіретін компаниялардың салығын азайтуға болады – Әсет Мағауов

Энергетика вице-министрі мұнай өндіруші компаниялар заң бойынша қандай мүмкіндіктерге ие екенін айтты

Мұнай өндіретін компаниялардың салығын азайтуға болады – Әсет Мағауов

ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың айтуынша, вице-премьер Ералы Тоғжанов бастаған үкімет делегациясы жұмыс сапарымен еліміздегі мұнай өңірлерін аралап, мұнай өндіруші компаниялардың басшыларымен кездесулер өткізген. «Кездесулерде көтерілген мәселелер үкіметпен қосымша пысықталады» деген вице-министр мұнай бағасының құлдырау салдарын азайту мақсатында мұнай өндіруші компаниялар үшін қандай мүмкіндіктер көзделгенін айтып берді.

«Біріншіден, ренталық салықты мұнай бағасына байланыстыру. Бұл заңнамада қаралған. Мұнайдың бағасы 40 доллардан төмен болып кетсе, ренттік салық алынбайды. Екіншіден, экспорттық кедендік баж салығын мұнай бағасына байланыстыру. Экспорттық кедендік баж салығы да мұнай бағасына бекітілген. Мәселен, мұнайдың 1 баррелі үшін баға 60 АҚШ доллары кезінде ол (экспорттық кедендік баж салығы – авт.) 1 тоннаға 60 АҚШ долларын құрайды. Ал, 1 баррель үшін баға 40 АҚШ доллары болса, ол 1 тоннаға 40 АҚШ долларын құрайды. 1 баррель үшін баға 35 АҚШ доллары болған жағдайда, ол 1 тонна үшін 35 АҚШ долларына теңеседі», - деді ол.

Әсет Мағауовтың айтуынша, заңнамада өнімділігі төмен кен орындары қазбаларды өндіру салығын төмен мөлшерде төлей алатыны көзделген.

«Рентабелдігі төмен санатқа жататын кен орындар үшін мұнайға пайдалы қазбаларды өндіру салығының ставкасын төмендету мүмкіндігі бар. Ол заңнамада қаралған. Мұнай компаниялары осы нормаға байланысты өтініштерін берсе, Ұлттық экономика министрлігі осы ұсыныстарды қарап, ары қарай шешім қабылдау үшін құжат дайындайды», - деді вице-министр.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары