Министр мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің қанша пайызын құрайтынын айтты
Ол қаржылық шектеулерді қатаң сақтау саясаты жалғасатынын айтты
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылғы бюджет туралы баяндады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бүгінгі таңда барлық белгіленген борыштық ковенант сақталып отыр. Мемлекеттік қарыз жалпы ішкі өнімге шаққанда 25% төмен деңгейде қалыптасқан. Қаржылық шектеулерді қатаң сақтау саясаты келешекте де жалғастырылатын болады. Бұл мәселе Үкіметтің тұрақты бақылауында. Біз қабылданған міндеттемелердің ашықтығы мен айқындығын арттыру бойынша Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын қолдаймыз. Олар жұмыс барысында ескеріледі», - деді Жамаубаев.
Ол атағандай, депутаттар мен Жоғары аудиторлық палата көтерген мемлекеттік жоспарлау жүйесін және қаражатты тиімді пайдалануды жетілдіруге қатысты басқа да мәселелер арнайы Жол картасына енгізіледі.
«Үкіметтің есебі Парламенттің екі палатасында да егжей-тегжейлі қаралды. Оны қарау кезінде экономиканың барлық бағыты бойынша 900-ге жуық сұрақ пен ұсыныс берілді. Олар жұмыс топтары мен комитеттерде талқыланды. Депутаттардың ұсынымдары Үкімет жұмысында ескерілетін болады. Ұсынылып отырған 2022 жылғы республикалық бюджет туралы Үкімет есебі Мәжіліс пен Сенатта жете талқыланып, қарастырылды. Өткен жылы пандемиядан кейін экономиканың жандануы байқалды», - деді министр.