ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 11 мыңнан асты

Қазақстанда доллар бағамы 500 теңгеге жете ме – сарапшылар пікірі

Айырбас пунктілерінде 1 доллардың бағасы 450 теңгеге дейін жетті

Бүгін, 16-шы наурыз  еліміздегі айырбас пунктілерінде $1 бағамы – 450 теңгеге дейін жетті. Ұлттық валюта бағамының тұрақсыздығы көршілес Ресей де болып жатыр. Аталған жағдайға байланысты Azattyq Rýhy тілшісі экономика саласындағы сарапшы мамандармен сұхбаттасып, ұлттық теңгеміздің құлдырауының себебін білуге тырысты.

«СПЕКУЛЯНТТАРМЕН СОҒЫС»

Экономика ғылымдарының кандидаты Талғат Демесіновтің айтуынша, Ұлттық банк доллар бағамының 500 теңгеге дейін жетуіне жол бермейді.

«Әлемде орын алып жатқан экономикалық ахуалдарға, коронавирусқа, еліміздегі төтенше жағдайларға байланысты Үкіметтегілер де, Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев та долларға немесе басқа валюталарға шаққандағы теңге бағамының бүгінгідей «450-500-ге жетуіне жол бермейміз» деген еді. Егер ол кісілер өздерінің мемлекеттік басқарып отырған өкілетті деңгейінде айтқан уәделерінде тұратын болса, мұндай жағдайға жол берілмейді.

Қазір Ұлттық банктің қолында алтын-валюта резервтері бар, олардың мөлшері $27-28 миллиардты құрайды.  Қордағы резервтерді пайдалану арқылы доллардың көтерілуіне жол берілмеуі тиіс.  Ерболат Досаев кеше осы жағдайға байланысты сөйлеген сөзінде «Біз керек болса валюталық интервенциялар жасаймыз» деді. Қазақстан қор биржасында  доллар, теңге сияқты басқа валюталарды сатумен айналысатын ірі 28-30-ға жуық қатысушы бар. Оларды валюталық ірі спекулянттар дейміз, олардың ішінде – Halyk Bank, Jusan Bank, «АТФ Банк» бар.

Бұлардың барлығы Қазақстан қор биржасына  күнделікті валюталық сауда-саттыққа қатысу арқылы сұраныс пен ұсынысты қалыптастыратын негізгі ойыншылар. Бұл ойыншылар негізінен коммерциялық мекеме ретінде өздерінің табатын пайдасын ойлайды және оларға ұлттық валюта курсын тұрақты деңгейде ұстап тұру негізгі мәселе емес. Олардың негізгі мәселесі – валюталық сауда-саттық арқылы пайда табу және өздері бірнеше уақыт бұрын фьючерстік, форвардтық келісім арқылы сатып алып қойған валютаны қымбат бағада сату. Сол арқылы өздерінің пайдасын ұлғайту. Міне, осыған қарсы Ұлттық банк валюталық интервенция жасай алады», - деді ол.

«Қоғамдық проблемаларды сараптау орталығының» директоры Меруерт Махмутованың пікірінше, доллар бағамының тұрақты болуы интервенцияға байланысты болмақ.

«Коронавирусқа байланысты әлем экономикасының экономикалық дамуы шектеліп жатыр. Мұнайды ең көп пайдаланатын елдер  АҚШ пен Қытай. Бірақ АҚШ қазір мұнайды өздері де өндіріп жүр, тіпті экспортқа да жұмсайды. Сондықтан Қытайда сұраныс төмендегендіктен, мұнай бағасына да өз әсерін білдіріп жатыр. Қазір интервенцияға қаншалықты мүмкіншілік жеткілікті, соған байланысты көреміз.

Доллар бағамы 450 теңге күйінде қалуы да мүмкін, ол енді сұранысқа байланысты. Қандай бағада тұрақтайтынын нарықтың өзі анықтайды. Біздің бюджетімізде 1 баррель мұнай бағасы - $55 деп тіркелген болатын, енді бүгін Ұлттық банк $55 емес, $35 деп отыр. Мұнай бағасы одан әрі құлдырап кетпесе, өспейді. Ал мұнай бағасының теңгеге тікелей әсері бар. Тіпті, мұнайдың ең ірі өндірушісі Сауд Арабиясы мұнайдың 1 баррелін 10% салықпен де өндіріп, $20 сата береді», - дейді маман.

Ал экономист Сапарбай Жұбаев Ұлттық банктің ресми айырбас бағамы 405 теңге болғанын алға тартып отыр. Одан бөлек, сарапшы теңгенің құлдырауына Ресей валютасының да әсері болғанын айтады.

«Ұлттық банктің ресми айырбастау бағамы 405 теңге болып тұрған кезде, айырбастау пункттерінің 428-430 теңгеге шығуы – кездейсоқ жағдай. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, біздің төлем баланысымыздағы сауда бағасының нәтижесі мұнай бағасының төмендеуімен бірге құлдырап жатыр, екінші жағдай – Ұлттық банктің қаржылық құралдарының ішіндегі валюта интервенциясын өткізбеу туралы шешім қабылданып, соның салдарынан болып жатуы мүмкін.

Тағы бір себебі, Ресей валютасының бүгінгі сауда нарығына, $1 құнының 75 рубльге теңесуі. Менің ойымша, бұл туралы Ұлттық банк ашық мәлімдеме жасап, түсіндіріп берулері керек еді. Әзірше Қазақстанның қор биржасындағы сауда нәтижесі анықталмай отыр. Екіншіден, мұнай бағасының төмендеуі жалпы Қазақстан емес, сонымен бірге, дүниежүзіндегі бағалы қағаздардың төмендеуіне әкеліп отыр. Ең алпауыт компаниялар бағасының акцияларын білдіретін – Ныю-Йоркте «Доу-Джонс», Naztaq , Кореяда KOSPI, Шанхай биржаларының негізгі акцияларының бағасы 10-15%-ға дейін төмендеп кеткенін дүниежүзілік қаржылық дағдарыс деп айтсақ болады», - дейді Жұмабаев.

ВАЛЮТАЛЫҚ ИНТЕРВЕНЦИЯ

Талғат Демесіновтің сөзінше, теңгенің құлдырауына мұнай бағасының арзандауы ғана емес, валюталық спекулянттардың да тікелей қатысы бар.

«Валюталық интервенция – валюталық спекулянттардың жасап отырған әрекетіне қарсы әрекет жасау. Валюталық спекулянттар доллардың теңгеге шаққандағы бағамының өсуіне әрекет етіп отыр. Ұлттық банк болса, көп мөлшерде долларды Қазақстан қор биржасына шығарып сатып, спекулянттардың әрекеттерін тұншықтыруға тырысады. Ол спекулянттардың қаржылық мүмкіндіктері шектеулі, олар долларды қалағандарынша сатып ала бермейді.

Белгілі бір мөлшерге келгенде олардың валюталық резервтері таусылады. Ал Ұлттық банктің оған шамасы бар. Алтын-валюта қорлары америкалық доллар түрінде, одан кейін әлемдік резерв валюта – еуро түрінде, әлемдік валюта резерві болып табылмаса да, біздің ең ірі сауда серіктесіміз болып отырған Ресей рублі, Қытайдың юаны түрінде жиналып тұр. Міне, осы жиналған валюталарды Ұлттық банк шығарып, сата бастайды да, спекулянттардың әрекетіне интервенция жасайды.

Яғни, біз айтып отырған 450-500 теңгенің тұрақты түрде сақталып қалуына жол бермей, 395 теңгеге төмендеуіне әсер етеді. Ол бір күннің ішінде жүзеге аспай қалса, екінші күні валюталық интервенция қайта жасалады. Ұлттық банк өз тарапынан қанша валюта сату керек болса, сонша валюта сатады», - дейді ол.

Дегенмен, сарапшы Ұлттық банк доллар бағамын ары кетсе екі аптаға дейін ғана ұстап тұра алатыны айтты. Ол үшін $1-2 миллардқа дейін сатуы мүмкін.

«Жекелеген спекулянттармен салыстырғанда, Ұлттық банктің мүмкіндігі жоғары, бірақ 28-ге жуық спекулянттың әрекетіне бірнеше күн бойы қарсы тұру қиын болып кетеді. Теңгенің долларға шаққандағы курсының сақталуына ары кетсе, екі апта жұмыс істер, одан кейінгі  бағаны тұрақты ұстай алмайды», - дейді Талғат Демесінов.

РУБЛЬГЕ БАЙЛАНҒАН ТЕҢГЕ

Мамандардың айтуынша, теңгенің басқа валюталарға шаққандағы бағамының түсе бастауы тек мұнайдың бағасына ғана байланысты емес. Бұған көршілес жатқан Ресей Федерациясындағы экономикалық жағдайы да тікелей әсер етуде.

«Көршілес Ресей Федерациясымен  үлкен сауда-саттық қатынастарымыз бар. РФ үкіметі де, ол жақтың орталық банкі де өздерінің ұлттық валютасы – рубльдің долларға және басқа валютаға шаққандағы курсын бұрынғы деңгейде ұстап тұруға шамасы жетпей жатыр.

Соған байланысты біздің сауда-саттық қатынастарымыздың жартысына жуығы, оның ішінде төлем балансы, тауарларды импорттау, экспорттау көбінесе РФ-да жасалады, одан бөлек ЕЭО шеңберінде олармен шекараны ашып тастағанбыз. Сондықтан Ресей рублінің де курсы бізге әсерін тигізеді. Ресей рублінің долларға шаққандағы бағамы девальвацияға ұшырап, 75-80 рубльге дейін кетіп қалатын болса, «валюталар паритеті» деген ұғым бар.

Яғни, теңгенің долларға шаққандағы, рубльдің долларға шаққандағы және теңгенің рубльға шаққандағы бағамы өзара тепе-теңдікте болуы керек. Енді Ресейдің рублі құнсызданып, біздің теңге бұрынғы деңгейінде қалса,  ұлттық экономикамызға үлкен шығын келеді. Себебі, Ресейдің сауда нарығындағы спекулянттар тауарды біздің елге көп тасымалдай бастайды, есесіне, олардың тауарының құны арзандайды. Нәтижесінде, төлем балансының бұзылуы орын алады», - дейді Демесінов.

Ал Сапарбай Жұбаев аталған жағдайдың уақытша ғана екенін және жақын уақытта қайта қалпына келетінін алға тартады.

«Коронавирустың әсерінен сауданың, көлік тасымалдары мен мейманханалардағы сауданың, қызмет көрсету жүйелерінің тоқтауы әлемдік экономиканың өте үлкен көрсеткіші болайын деп тұр. Халықаралық валюта қоры 1,5-2% төмендейді деген еді, жалпы, қазіргі болжамдар бойынша ол $2 триллион төмендеген.

Бұл дегеніміз, ішкі өсім былай тұрсын, төмендеуі мүмкін дегенді білдіреді. Қор биржасында бүгін түске дейін доллар саудасы болған жоқ. Сондықтан екінші дәрежелі коммерциялық банктер мен айырбас орындарының теңге бағамын 440-қа дейін жеткізуі әлі түсініксіз нәрсе. Себебі, Ұлттық банктің бүгінгі ресми бағамы $1 шаққанда – 405 теңге.

Ал еркін бағамға жібердік деген негізгі сауданың бағасы Қазақстандағы қор биржасына келіп шығуы керек еді. Жалпы, Ұлттық банктің де ресми бағасы биржадағы саудаға жақын болуы керек. Сол себепті, жағдай сипаты кешке дейін белгілі болып, бір тоқтамға келеміз деп ойлаймын», - деді ол.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Сұхбат