Мәулен Әшімбаев еркін экономикалық аймақтардың жұмысын сынға алды
Кейбір ЕЭА-да салық түсімдері инвестицияның 10%-ына әрең жетеді
Бүгінгі Сенат отырысында Мәулен Әшімаев Қазақстандағы еркін экономикалық аймақтардың тиімсіз жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Елімізде еркін экономикалық аймақтарды дамытуға мемлекеттен қыруар қаржы құйылады. Сонымен қатар кейбір ЕЭА-да салық түсімдері инвестицияның 10%-ына әрең жетеді.
Арнайы аймақтарды инфрақұрылымдық жабдықтау мәселесі өткір күйінде қалып отыр.
«Атыраудағы ЕЭА-ға мемлекет соңғы жылдары 162 млрд теңге құйды. Бір ғана еркін экономикалық аймақтағы көрсеткіш. Бұл ретте 2013 жылдан бастап 2020 жылға дейін аталмыш ЕЭА-ның қатысушылары 16 млрд теңге мөлшерінде салық төледі. Яғни мемлекет осы жылдар аралығында 162 млрд теңге салса, 16 млрд теңге ғана салық алған. Өзі құйған соманың 10 пайызын ғана алып отыр деген сөз», - деді Мәулен Әшімбаев.
Осыған байланысты ол Сенаттың тиісті комитетіне 15 маусымға дейін мәселені жан-жақты зерттеп, ұсыныстар енгізуді тапсырды.