Үкімет Ұлттық қордан қосымша 800 млрд теңгені не үшін алады?

Аягөз Құрмаш

Қаражат ұлттық деңгейдегі әлеуметтік мәселелерге жұмсалмақ   

Үкімет Ұлттық қордан қосымша 800 млрд теңгені не үшін алады?
Фото: freepik.com

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Сенаттың жалпы отырысында 2023 жылға арналған бюджет параметрлерінің болжамын таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.   

«2023 жылы республикалық бюджеттің кірістері бекітілген жоспардан 720 млрд теңгеге өсе отырып, ЖІӨ-нің 12,1% немесе 14,6 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Республикалық бюджетке қосымша түсімдер кіріс базасын ұлғайту, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыру бойынша Үкімет қабылдап отырған шаралар есебінен қамтамасыз етіледі», - деді вице-министр.   

Оның айтуынша, бюджет кірісі біржолғы түсімдер есебінен 316 млрд теңгеге, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту есебінен 404 млрд теңгеге ұлғайтылады.    

«Ұлттық деңгейдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 800 млрд теңге көлемінде нысаналы трансферт қосымша тартылады. 2023 жылы бюджет тапшылығын 3,2 трлн теңге көлемінде немесе ЖІӨ-нің 2,7% деңгейінде сақтау ұсынылады. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары бекітілген көлемнен 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 22,5 трлн теңгені құрайды», - деді Бауыржан Омарбеков.  

Ол атағандай, бюджет параметрлерін нақтылау Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасы және Жолдауы аясындағы тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.