Экологияға зардабын тигізіп жатқан ірі компаниялар анықталды
Әлемдегі көміртек қалдығының үштен бірі небәрі 20 компанияға тиесілі, деп хабарлайды The Guardian

Әлемге танымал ғалымдар мемлекеттік және трансұлттық энергетикалық компаниялардың климаттық апатқа себеп болып, адамзаттың болашағына қауіп төндіріп тұрғанын анықтады. Мұнай компаниялары туралы зерттеу жүргізетін ең ірі Climate Accountability Institute зерттеу барысында 1965 жылдан бергі мұнай өндірісі туралы деректерді негізге алған.
«1965 жылды таңдап алуымыз бекер емес. Дәл осы жылы қазба отынның қоршаған ортаға зиян екені белгілі болды. Зерттеу барысында анықтағанымыздай, әлемдегі барлық көмірқышқыл газы мен метан қалдықтарының 35 %-ы ең ірі 20 компанияға тиесілі. Бұл компаниялар қоршаған ортаға 1965 жылдан бастап 480 миллиард тонна көміртек шығарған», дейді зерттеу авторы Ричард Хид.
Оның айтуынша, бұл компаниялар қатарында әлемге танымал «Шеврон», «Эксон», Би-Пи, «Шелл» бар. Бұл төртеуі 1965 жылдан бері әлемдегі көміртек қалдығының 10 пайызын шығарған.
«20 компанияның 12-сі мемлекеттік компаниялар. Бұл зерттеу нәтижелері желтоқсан айында Чилиде өтетін климат келіссөздерінде көпшілік назарына ұсынылып, саясаткерлерге компанияларға қатысты шара қолдану ұсынылады. Небәрі 20 компания рекордты пайда табуы үшін 7,5 миллиардтан астам адамның жапа шеккені саяси жүйенің әлсіздігін көрсетеді», дейді танымал климатолог Майкл Манн.
Ғалымдардың айтуынша, бұл компаниялар бензин, авиациялық жанармай, газ бен көмір өндірісі арқылы экологияға кері әсерін тигізіп жатыр.