Елімізде қой мен сиыр еті бір жылда күрт қымбаттаған
Баға 16-17 пайызға дейін өсіп, инфляция деңгейінен үш есе асып түсті

Биыл қаңтарда Қазақстандағы инфляция көрсеткіші 5,6%-ға жетті. Алайда, азық-түлік бағасы орта есеппен 9,2 пайызға қымбаттаса, ет пен ет өнімдері – 13%, құс етінің бағасы 14,7%-ға өсті.
Қазақстандықтар арасында үлкен сұранысқа ие сиыр еті бірден 16,5 пайызға қымбаттаған. Қой етінің бағасы – 16,2%, жылқы еті 14,5%-ға өсті.
Айта кетейік, ет өнеркәсібін дамытуға үкімет ерекше көңіл бөліп отыр. 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасында ет өндірісіне екпін берілген. Жыл сайын бұл салаға 116 млрд теңге бөлінеді, оның ішінде: асыл тұқымды мал басын көбейтуге – 60 млрд теңге, мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге – 56 млрд теңге.
2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында Қазақстанда 269 млрд теңгенің ет өнімдері өндірілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,1 пайызға артық. Биыл қаңтар айының өзінде шаруалар 21,1 млрд теңгенің ет өнімдерін сатуға шығарды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ет өндіруде шикізат тапшылығы қатты сезіліп отыр. Мәселен, өндіріспен айналысатын кәсіпорындар тек 30-40%-ға ғана жұмыс істеп тұр екен. Осы сәтті алыпсатарлар тиімді пайдаланып, бағаны көтеріп жіберген.
Шикізат тапшылығына ет экспорты себеп дейді АШМ өкілдері. Былтыр Қазақстан шет елдерге 26 мың тонна ет экспорттаған. Бұдан бөлек, 156 мың бас сиыр өзге мемлекеттерге тірідей сатылған. Оның 121,6 мыңы (78%) Өзбекстанға жіберілсе, 14 пайызын Армения сатып алған.