Қазақстанда жұмыспен қамтылғандардың 42%-ның айлығы өте аз

Автор: Еркежан Айтказина

Президент қазақстандықтардың жартысы 50 мыңнан аз табыс табады деген болатын

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Соңғы 5 жылда халықтың тапқан табысы 80%-дан 67%-ға төмендеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Халықтың табысы күрт кемісе де әлеуметтік трансферттер 17%-дан 29%-ға дейін артып, бюджеттің шығысына үлкен салмақ түсіп отыр. Мемлекет басшысы бұған дейін жұрттың табысы экономикалық өсімнен емес, әлеуметтік жәрдемақы және зейнетақыға тәуелді болып отырғанын ашық айтқан болатын. Нарықтағы баға мен жұмыс берушілердің тапқан пайдасымен салыстырғанда еңбекақы әлдеқайда баяу өсуде. Соның салдарынан қарызға батқан миллиондаған азаматтар мен кедей адамдар көбейіп барады.

Халықтың табысы – лайықты еңбекақысы бар, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Соңғы 5 жыл көлемінде еліміздің жалпы ішкі өнімінің өсуінде қызмет көрсету секторының үлесі 55%-дан асып отыр. Осы кезеңде саладағы еңбек өнімділігі 4,5%-ға түсіп кеткен және бұл жұмыскерлердің табысына тікелей кері әсерін тигізді.

Биыл республикалық бюджеттің шығыстары 2,7 трлн теңгеге ұлғайды. Оның ішінде 197 млрд теңге халық табысын арттыруға бағытталады. Жұмыспен қамтылудың жалпы өсім көрсеткішінің 60%-ы «әлеуметтік экономика», яғни бюджеттен қаржыландырылатын білім, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет саласы т.б. есебінен қол жеткізіліп отыр. Жаңа жұмыс орындарының ашылуында жекемекшік сектордың үлесі соңғы 5 жылда 10-13%-ға төмендеген.

Қазақстанда бүгінде жұмыспен қамтылғандардың 42%-ы өнімділігі төмен, табысы аз секторларда еңбек етеді.

Қаңтар айында ғана Президент қазақстандықтардың жартысы 50 мыңнан аз табыс табады деген болатын. Экономист Асылхан Андашевтың айтуынша, 5 млн жұмысшының айлығы 50 мың теңге шамасында.

«Көрсеткіш осындай бола тұра орташа жалақы 273 мың теңге деу дұрыс емес. Медиандық жалақының өзі ресми ақпарат бойынша 150 мыңнан асады. Жалпы, Қазақстан табыс деңгейі орташа елдер қатарына кірсе де халықтың көп бөлігі табысының 55-60%-ын азық-түлікке жұмсайды. Бұл өте үлкен көрсеткіш және халық тек тамақтану үшін жұмыс істейді деген сөз. Оның үстіне әлемде азық-түлік бағасы қатты қымбаттап жатыр. Қазақстан көптеген дайын өнімді Ресейден алады, ал Ресейге санкция салынғанын ескерсек, енді өнім бағасы артатын болады. Оның үстіне Ресей бидай, қант сияқты өнімдерді ЕАЭО аясында экспорттауға тыйым салды. Сондықтан енді қазақстандықтар табысының 3/5 бөлігін емес, одан да көбін азық-түлікке жұмсауы мүмкін», - дейді сарапшы.

Әлемде пандемия салдарынан инфляция деңгейі Еуропа мен АҚШ-та соңғы 30-40 жылдағы ең үлкен инфляцияға жетіп отыр. Бұған Украинадағы жағдай да кері ықпал етті. Сол себепті биыл инфляция азаймайды. Бұл дегеніміз, халықтың табысы сол қалпында қалады да, шығыны артады деген сөз.

«Бізде модальды жалақыға халықтың басым бөлігі алатын табыс мөлшері жатады. 2020 жылы модальды жалақы 169 792 теңгеге жетті. Ресми мәліметтерге сәйкес, халықтың көп бөлігі осындай жалақы алады. 2019 жылы модальды жалақы тек 58 мың теңге болды. Медианалық жалақыны есептеу тәсілі бойынша Қазақстанда 2020 жылы орташа жалақы мөлшері 142,3 мың теңге деп бекітілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 26,8 пайызға артық көрсеткіш. Осы ретте, халықтың азық-түлік және өзге де шығындарға жұмсаған қаражатын да мысалға келтіре кетейік, былтырғы тұтынуға жұмсалған халық табысы І тоқсанда 64 635 теңге болса, IV тоқсанда бұл көрсеткіш 73 138 теңгеге жеткен. Бұл да инфляцияның жоғарылағанының бірден бір дәлелі», − дейді сарапшы.