Каспий құбыр желісі консорциумы істен шықты: Ақшолақовтың болжамы орындалмаған күнде не күтіп тұр?
Энергетика министрі апат мұнай көлеміне де, бюджеттік түсімге де әсері етпейді деп мәлімдеді
Ресейдің Новороссийск маңы арқылы өтетін Каспий құбыр желісі консорциумының екі бөлігінің істен шығуын сарапшылар әрқилы бағалап жатыр. Бұл ретте Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың апат мұнай көлеміне де, бюджеттік түсімге де әсері етпейді деп мәлімдеді. Ал экономикалық бақылаушы Сергей Домнин мемлекеттің өз міндеттерін қамтамасыз етуіне арналған салықтар, алымдар, басқа да міндетті төлемдері үшін мұнайдан түсетін кеденді баж салығының маңызды екенін айтады. Өйткені, мұнай құбыры тұрып қалатын болса, сатылатын мұнайдың кеден салықтары бюджетке түспейді дейді.
Ақшолақовтың оптимистік көңіл күйі Қазақстан мұнай өнеркәсібінің мәселесін шеше ала ма? Жағдай қалыпқа келмей, министр болжамы орындалмаған күнде не күтіп тұр? Ұзақ және қысқа мерзімде қаржылық жағдайымызға қандай әсерін тигізуі мүмкін? Azattyq Rýhy тілшісі бірқатар сарапшының пікірін білген еді.
Ал Vitol және Trafigura сияқты ірі сауда үйлері тәулігіне 2 миллион баррельден асатын мұндай үзіліске әлемдік нарық әрең төтеп беретінін атады. Олардың айтуынша, бұл бағаның одан әрі өсуіне және экономикалық құлдырауға әкелмек.
ОПТИМИСТ МИНИСТР
Аталған мәселеге орай Энергетика министрі Болат Ақшолақов апат экспортталатын мұнай көлеміне де, бюджеттік түсімге де әсер етпейді деген пікірде. Министр баспасөзге берген пікірінде мұнай бағасының қымбаттауы кешеуілдеп қалған экспорттың орнын толтырады деген сенімде екенін жеткізген болатын.
«Бүгінгі таңда мұнай бағасы жоғары, тіпті өте жоғары деуге болады. Баррелі 120 доллардан асты. Осы жылдың бюджеті мұнайдың баррелі 60 доллардан сатылады деген болжаммен есептелген. Сондықтан бюджетке түсім тұрғысынан еш қауіп-қатер көріп тұрғаным жоқ», - дейді Болат Ақшолақов.
ЭКСПОРТ МАРШРУТЫ ӨНДІРУШІ КОМПАНИЯЛАРДЫҢ ТАҢДАУЫ
Ресейдің құбырлары арқылы тасымалданатын мұнай мен Қазақстанның қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарына қатысты экономист Айдархан Құсаинов қызғылықты екі тезисті алға тартады. Оның айтуынша, мұнайдан түсетін қаржы бюджетке аса бір әсерін тигізбейді. Ал ең бастысы, мұнайды экспортқа шығаратын компаниялар үшін мәселе туындап отыр.
«Менің ойымша, бұл – трагедия емес. Апатты жағдай болғаны рас. Мұнда тұрған ештеңе жоқ, барлығы бірден құрыды, ақырзаман орнады деп айта алмаймыз. Сондықтан жаман болжам жасағым келмейді. Ал бюжетті толықтыруға келсек, ең маңызды жағдай әрдайым айтып жүргенімдей, Қазақстандағы ақпарат саласында мұнайға деген кері түсінік қалыптасқан. Мұнайдан түсетін табыс толығымен Ұлттық қорға аударылады және ары қарай таратылады. Сондықтан 2,5 млрд трансфер болғандықтан, ол да қайталана береді. Ұлттық қорға түспеген күнде, бәрібір бюджетке жіберіледі. Мысалы, өзіндік құны барреліне 200 доллар болғанда, оның барлығын сата беретін болса жағдай өзгермейді. Сондықтан мұнайдан түсетін қаржы бюджетке аса бір әсерін тигізбейді. Тікелей Үкіметке байланысты. Үкімет Ұлттық қордан ақша жібереміз деген шешім қабылдаса, бюджет толықталады», - дейді Айдархан Құсаинов.
Сарапшының айтуынша, мұнай экспортына қатысты Каспий құбыр желісі консорциумы мұнай өндіруші компаниялардың таңдауы.
«Екіншісі, экспортқа келер болсақ Қазақстанның саясатын ақтағым келіп отыр. Баку-Жейхан, Қазақстан-Қытай-Иран мұнай құбыры келіссөздеріне қатысқанмын. Қазақстанның экспортқа кететін мұнайы Қашағаннан өндіріледі. Үкіметаралық делегация жиналып, өз тарапынан құбырды салуға, жалғастыруға дайын болатын. Сол уақытта мұнай өңдеушілер КҚК-ны таңдайтынын, сол арқылы мұнай жіберетін болып шешкен еді. Мұның барлығы шетелден келген мұнай өндіретін компаниялар үшін жасалған еді. Үкіметтің шешімі емес, өздерінің шешімі. Осы екі аспектіні қосатын болсақ, мұнай мәселесі бойынша бізге тікелей әсері жоқ», - деп сендірді сарапшы.
Қазақстан мұнайына санкция болмайтынын айтқан Айдархан Құсаинов өнімді бөлу туралы келісімшарт бойынша былай дейді.
«Қазақстан мұнайына санкция болмайды деп айттым. Себебі өнімді бөлу келісімшарттың шеңберінде бізге ақша түседі. Сондықтан бізден сыртқы нарыққа, экспортқа шығатын мұнай – біздің мұнай емес, тиісті компания шығаратын мұнай. Екіншіден, экспорт маршрутын жасаған Қазақстан Үкіметі емес және мұнай экономикасы да біздікі емес. Себебі түсетін ақша бюджетке емес, ұлттық қорға түседі», - деп сөзін жалғады ол.
КЕДЕНДІК САЛЫҚ ТҮСІМІ АЗАЯ МА?
Үкімет Ұлттық қордан алынатын қаражатты 1,6 трлн теңгеге ұлғайтатынын мәлімдеді. Ал кірістерді мұнай бағасының қымбаттауы мен мұнайға экспорттық кедендік баж есебінен ұлғайту көзделіп отыр.
«Бюджет шығыстары келесі көздер есебінен ұлғайтылды. Бюджеттің өз кірістері - 1,1 трлн теңге. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті ұлғайту - 1,6 трлн теңге», - деді Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында.
Бұл ретте экономикалық бақылаушы Сергей Домнин мемлекеттің өз міндеттерін қамтамасыз етуіне арналған салықтар, алымдар, басқа да міндетті төлемдері үшін мұнайдан түсетін кедендік баж салығының маңызды екенін атап өтті.
«Қазақстанда мұнай және мұнай өнімдеріне экспорттық кедендік баж салығы бюджетке жіберіледі. Оның бюджеттегі үлесі – 8-10%. Егер салықтың осы мөлшері азаятын болса, салық түсімі де азаяды. Мұнай құбыры тұрып қалатын болса, сатылатын мұнайдың кеден салықтары бюджетке түспейді. Мұны да ескеру қажет», - деді экономикалық бақылаушы Сергей Домнин.
Еске сала кетелік, 18 наурыз күні Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстан 2022 жылы 69 млн тонна мұнайды экспортқа шығаруды жоспарлап отыр, деп мәлімдеген еді.
«2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 85,9 млн тоннаны, мұнай экспорты 67,6 млн тоннаны құрады. Мұнай өндірудің 2022 жылға арналған жоспары - 87,5 млн тонна, экспорт бойынша - 69 млн тонна. Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған үш ірі мұнай-газ жобасы еліміздің мұнай өндіру көшбасшылары болып қалуда», - деді ол министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.
Оның атап өтуінше, Теңіз жобасында 2021 жылы мұнай өндіру 26,5 млн тоннаны, газ өндіру көлемі 14,5 млрд текше метрді құраған.
«Кен орнында құны 45,2 млрд АҚШ долларын құрайтын Келешекте кеңейту жобасы іске асырылып жатыр. Бұл мұнай өндіруді жылына 12 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2021 жылдың қорытындысына сәйкес жоба бойынша жұмыстардың жалпы ілгерілеуі 89 пайызды, 2022 жылға арналған жоспар 97,4 пайызды құрады. Жобаны 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр», - деді министр.
Болат Ақшолақовтың айтуынша, 2021 жылдың қорытындысында Қашағанда мұнай өндіру көлемі 16,2 млн тонна, ал газ өндіру көлемі 9,8 млрд текше метр болды.