$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қазақстанның мұнай саласында ешбір танкері жоқ»: Батыстың Ресейге салған санкцияларының Қазақстанға әсері

Қазақстан мұнайды Ресейден тыс тасымалдаудың жолын қарастырмақ

«Қазақстанның мұнай саласында ешбір танкері жоқ»: Батыстың Ресейге салған санкцияларының Қазақстанға әсері
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Украина мен Ресей арасындағы қақтығыстан кейін тағы бір дағдарыстың басталатынына сарапшылар сенімді. Бұл ретте ел Үкіметі бірнеше сценарийді қарастырып отырғанын мәлімдеді. Өз кезегінде Ұлттық банк мұнай бағасының өсетініне сенім артып отырғанын хабарлады. Azattyq Rýhy тілшісі осы мәселеге қатысты сарапшылардың пікірін білді.

Экономист Қайырбек Арыстанбеков Ресейге енгізілген санкцияларды алдымен екіге бөліп қарастыру керектігін ұсынды.

«Батыстың Ресейге енгізген санцияларын екі топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – тікелей тұншықтыратын санкциялар, яғни экономиканы бірден құрдымға кетіретін бұғаттаулар. Яғни бұл ретте Ресей Федерациясының активтерін бұғаттау мәселесі. Екіншісі – 2-3 айда әсер ететін санкциялар. Біздің Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлттық банк санкциялардың осы екі түрін ескере отырып, дағдарысқа қарсы бағдарлама әзірлеу керек еді. Өкінішке қарай бұл көзделмей тұр. Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрі мұнай бағасына сеніп отыр. Бұл да дұрыс емес. Ертеңгі күні Батыс елдері Ресейдің мұнай-газ өнімдерінен бас тартар болса, онда Қазақстанның экспортының біраз бөлігі құлайды. Мәселе осыда болып тұр. Осыған байланысты іс-шаралар кешені толық қамтылмаған. Айтылған санциялардың екі түрінің де соққыларына төтеп беретін шаралар қажет. Өкінішке қарай ол көзделмеген», - дейді ол.

«Ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп дамығанда дағдарысқа төтеп берер едік...»

Ал мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Рашид Жақсылықов мемлекеттің мұнайдан басқа экономикалық кіріске сенетін амалы жоқтығын айтуда.

«Мемлекеттің мұнайға сенім артып отырғаны айдан анық. Біздің бюджеттің 50 пайызы мұнайдан түскен табыстан құралады. Екіншіден біздің доллардан келетін табысымыз мұнай-газ өндірісінен келіп отыр. Ал басқа салаларды біз 30 жыл ішінде дұрыстап дамыта алмадық. Мұнай-газ өндірісіне пара-пар келетін ауыл шаруашылығын, жеңіл өнеркәсіпті дамытамыз деген құр бос сөз болып қалды, жол картасы ретінде ғана қалды. Ешқайсы біз күткен деңгейде іске асқан жоқ. Мұның сыртында шағын және орта бизнесті де дұрыс жолға қоя алмады. Ең болмаса осы бағытты дамытқан кезде қазіргі қазақстандықтардың жағдайы дүниежүзілік дағдарысқа мықтап төтеп берер еді», - дейді сарапшы.

Маманның сөзіне сенсек, дүниежүзілік мұнай саласында біздің мұнайдың тағдыры қыл үстінде тұр. Себебі біз жылына орта есеппен 90 млн тонна өндірсек, соның 57 млн тоннасын, яғни 3/2-сі Еуропа елдеріне тасымалданады. 17 млн тонна өзіміздің ішкі нарықты, қалғаны Қытай және басқа да елдерді қамтамасыз етуге жіберіледі екен.

Қазақстанның Еуропаға Ресей арқылы өтетін мұнайы қазақстандық болып есептелмейді

«Еуропаға тасымалданатын мұнай Атырау-Самара және «Каспий Құбыр Консорциумы» (КҚК) арқылы тасымалдануда. Олар Ресейдің шекарасы арқылы өткізіліп жатыр. Бұл жерде мәселе құбырда емес, ең сорақысы Ресейден Еуропаға жіберілген мұнай Қазақстандікі болып шықпайды, ол Ресей мұнайы болып тасымалданады. Ол жақта біздің танкерлеріміз де жоқ, біз оны Ресейден жалға алып отырмыз», - деді Рашид Жақсылықов.

Еуропа әзірге әлемдегі ахуал Қазақстан мұнайына қауіп төндірмейді деп үзілді-кесілді айтқан жоқ. Себебі Ресей мұнайының экспортына 100 пайыз санкция әлі енгізілмеген. Бірақ мамандар тығырықтан шығудың бірнеше жолын қарастырып жатыр екен.

«Ал дәл осы тұста Қазақстанның мұнайы өтпей қалуы мүмкін деген күдіктің бары рас. Бірақ бір қуантарлық нәрсе еліміздегі инвесторлардың басым бөлігі – Еуропадан. Инвесторлар бұл тығырықтан шығудың үш жолын ғана көріп отыр. Біріншісі, соғыс болып жатқан жерде бейбітшіліктің орнауы. Екіншісі, инвесторлар өз елдерінің басшыларына жағдайды барынша түсіндіріп, Қазақстанға жасыл дәліз ашу жолдарын қарастырып жатыр. Үшіншісі – Қазақстанның техникалық мүмкіндігін пайдалану. Бірақ бізде паром жоқ. Бұл бойынша біз ұсыныс жасадық, яғни өндіріс жұмысын азайтып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп алған жөн. Өйткені пандемияға байланысты жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Егер Қазақстанның өз мүмкіндігін арттырсақ, біз Ресейге тәуелділіктен босаймыз», - дейді Рашид Жақсылықов.

Әлемдік мұнай экспортында Қазақстан үлесі 1,5 пайызды ғана қамтиды

Қазақстанның өз мүмкіндігі деп отырғанымыз – бүгінде мамандар Каспий теңізін пайдалана отырып, Ақтау арқылы Баку-Джейхан (Түркия) құбырын пайдалану амалы қарастырылып жатыр екен.

«Ол арқылы біз аз да болса, 7 млн мұнайды тасымалдап бере аламыз. Күні кеше ғана осы мәселені екі оператормен талқыладық. Егер тағы да күш салатын болсақ, 12 млн тоннаға дейін ұлғайтуға болады. Бірақ әрине, 90 млн тоннаның қасында 12 млн деген түкке тұрмайтын көрсеткіш», - деді ол.

Әлем бүгінде Иранға көз тігіп отыр. Егер Ресейдің мұнай экспортына санкция салынса, қара алтынды импорттайтын ірі елдердің баламалы жолдарды қарастырмақ. Алайда мұның Қазақстанға келтірер зардабы болмайтыны анық.

«Иран мұнай өндіру бойынша әлемде төртінші орында тұр. Егер де Иран мұнай экспортына енгізілген санкциялардан босап, ал Сауд Арабиясы қара алтынның өндіріс көлемін арттыратын болса, оның Қазақстанға ешқандай ықпалы болмайды. Тіпті Қазақстан мұнай нарығынан жоқ болып кетсе де, оның орны ешкімге біліне қоймас. Өйткені біз әлемдік мұнай экспортында бар болғаны 1,5 пайызды ғана қамтимыз», - дейді Рашид Жақсылықов.

Ресей мұнайын Қытай арзан бағада алады

Сондай-ақ, мұнай саласының сарапшысы Ресей қайткен күнде де мұнай өндірісін тоқтатпайтынына сенімді. Бұл қиындықтан оны Қытай құтқармақ.

«Бірақ Қытай Ресейге жаны ашығандықтан мұнайын алайын деп отырған жоқ. Егер де Ресей өндірісін тоқтататын болса, тоқтаған істі қайта іске қосу үшін кірістің көлеміндей қаражат қажет болады. Мәселен 1 шақырым ұңғыманы іске қосу үшін 1 млн доллар қажет. Сол себепті Ресей қайткенмен де өз өндірісін тоқтатпаудың амалын жасайтын шығар. Ал бұл ретте Қытай Ресейдің мұнайын арзанға алуы мүмкін, ол осылайша өзінің экономикасын жеңілдетуді көздейді», - дейді сарапшы.

Десе де Рашид Жақсылықов, Ресей мұнайының экспортына 100 пайыз шектеу қойылмайтынын айтуда.

«Егер де Ресейді, Әзербайжанды және Қазақстанды бұғаттайтын болса, Ресейдің әлемдік нарықта беріп отырған 10-11 пайызының орны қалай толтырылады?!» - дейді ол.

Бүгінде қазақстандық мұнайдың бағасы әлемдік нарықта 70-80 доллар аралығында бағаланып отыр. Мамандардың айтуынша бұл арзан баға. Ал экономист Қайырбек Арыстанбеков бұл көрсеткіштің өсетініне сенімді.

«Егер Ресейдің әлемдік мұнай секторындағы үлес салмағын ескере отырып, оның экспортына тыйым салынса, әрине мұнай бағасы көтеріледі. Батыс қазір Иранмен келіссөз жүргізіп жатыр. Меніңше қазір Иранға квота беріледі. Бұдан бөлек, Сауд Арабиясы да мұнайдың экспорт көлемін ұлғайтуы мүмкін», - дейді экономист.

Қазақстан 30 жылда екі-ақ саланы жандандыра алды

Мұнаймен қатар доллардың да күн санап шарықтап жатқаны белгілі. Қара алтынға қанша сенім артқанымызбен теңгенің құнсыздануы өзге салаларды тығырыққа тіреп жатыр.

«Ұлттық банк тиісті шараларды қабылдап жатыр. Жақсы шаралар қабылданды деп айтуға ерте. Өйткені оның нәтижесін 2-3 немесе 6 айдан кейін көретін боламыз. Бұл жерде ең басты критерий алтын валюта резервін жаппай тарата беруге болмайды. Яғни валюталық интервенция жасай беру тиімсіз. Себебі валюта резервінен айырылып қалу қаупі бар», - дейді Қайырбек Арыстанбек.

Мамандар еліміз 30 жылда екі-ақ саланы жандандыра алғанын айтады. Алайда осының біреуі әлі де ақсап тұр.

«Бізде экономиканың екі түрі ғана бар: азаматтық құрылыс – үй салу және мұнай. Оның өзінде мұнайымызды 4-5 күнге сақтайтын қоймаларымыз жоқ, тасымалдайтын күш-қуатымыз жоқ, теміржолымыздың жағдайы мынау, Ақтауда қаншама порт салынды, алайда бірде-бір танкер жоқ. Ресей дей бермей айналма жолдарды қарастыру керек», - деді Рашид Жақсылықов.

Серіктес жаңалықтары