Халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында кімдердің табысы ұлғаяды?
Еңбек табысын арттыру бағыты аясында 22 шара іске асырылады
Халықтың табысын арттыру бағдарламасында жастарға, халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыруға, бюджет жұмыскерлеріне лайықты жалақы тағайындауға, ауыл шаруашылығында, өңдеу өнеркәсібінде тиімді жұмыспен қамтуды және дамытуды ынталандыруға; кәсіпкерлік кірістің өсуін ынталандыруға, табыстың сатып алу қабілетін қорғауға басымдық беріледі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында айтты.
Бағдарлама шеңберіндегі шараларды шартты түрде тікелей және жанама деп бөлуге болады. Тікелей шаралар бюджет жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге және кірістердегі теңгерімсіздікті теңестіруге бағытталған. Жанама шаралар халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіптік даярлау (қайта даярлау), өңдеуші кәсіпорындардың өнімділігін арттыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы табыстың өсу мүмкіндіктерін кеңейту жұмыстарын қамтиды.
«Бағдарлама 80 шарадан тұрады, олар мынадай негізгі бағыттарға бөлінген:
- халықтың еңбек табысының артуы;
- кең ауқымды жұмыспен қамтуды дамыту арқылы халықтың табысын арттыру;
- сатып алу қабілетін қорғау», - деді министр.
Еңбек табысын арттыру бағыты аясында 22 шара іске асырылады.
Табыстың өсуін қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, ғылым салалары жұмыскерлерінің орташа жалақысы көтеріледі.
«Өндіріс кәсіпорындары жұмыскерлерінің табысындағы теңгерімсіздіктерді жою бойынша, еңбек өнімділігін арттыру мақсатында өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын жаңғыртуды ынталандыру бойынша, өндірістік дағдыларды дамыту бойынша Бағдарламада «Өмір жолдамасы» кадрларды алдын ала даярлау жобасын өңірлік деңгейде іске асыру сияқты іс- шаралар көзделген. Кең ауқымды жұмыспен қамтуды дамыту арқылы халықтың табысын арттыру бағытында 41 шара іске асырылады», - деді ведомство басшысы.
Жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған іс-шаралар жастарды жұмысқа орналастыру бойынша «Алғашқы жұмыс орны», «Түлектерге арналған жастар практикасы» жобаларын, сондай-ақ осал топқа жататын жекелеген адамдарды жұмысқа орналастыру тетігін іске асыруды қамтиды.
Шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыру кәсіпкерлерді қолдаудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде кредиттер/микронесиелер бойынша жергілікті бюджеттерден субсидиялар беру, моно, шағын қалалар мен ауылдық елдімекендерде жеңілдікпен микрокредит беруді және жаңа кепілдік беру құралын енгізу арқылы жүзеге асырылады.