Қазақстанда қатты пайдалы қазбалар өндірісінің салық көлемі артуы мүмкін
Бұл бюджетке түсетін кірісті 300 миллиард теңгеге арттыруға мүмкіндік береді
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қатты пайдалы қазбаларға салынатын пайдалы қазбалар өндірісі салығының мөлшерлемесін үш есе ұлғайтуды ұсынды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін күшейту жөніндегі бірінші мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. Оның айтуынша, бюджетке түсетін қосымша кірістерді қамтамасыз ету мақсатымен қатты пайдалы қазбалардың үш түріне салынатын пайдалы қазбалар өндірісі салығының мөлшерлемесін орташа есеппен 3 есе өсіру ұсынылады. Бұл бюджетке түсетін кірісті 300 миллиард теңгеге арттыруға мүмкіндік береді.
Министр капиталды сыртқа шығаруға жол бермеу, шетелдік компаниялардың табысына және цифрлық майнингке салық салу шараларын енгізуді ұсынды. Бұдан бөлек мемлекеттік бюджетке түсетін қосымша кірістер трансферттік баға белгілеуді қадағалау шараларын, кеден мен салық бақылауын күшейтуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев баяндама қорытындысы бойынша Үкіметке, инвесторлық қоғамдастықпен бірлесіп, халықаралық салық және трансферттік баға белгілеу мәселелерін мұқият пысықтауды тапсырды.