$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ресей экономикасының санкциялардан кейінгі болашағы – сарапшылар пікірі

Еуроодақ Ресейдің 26 тұлғасына санкция енгізді. Әлемдік экономикамен қатар, Ресейдің қаржылық жүйесі соққының астында қалды

Ресей экономикасының санкциялардан кейінгі болашағы – сарапшылар пікірі
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Ресей президенті Владимир Путин 24 ақпанда мемлекет армиясы Донбаста арнайы операция бастайтынын мәлімдеді. Бұл жағдайдан кейін рубль доллар мен еуроның қасында 30 пайыз құнын жоғалтты. Ресей Орталық банкі валютасын «құтқару» үшін базалық мөлшерлемені 20 пайызға дейін көтерді, интервенция жасады. Бірақ Еуроодақ Ресей Орталық банкінің активтерін бұғаттау туралы шешім қабылдап, Мәскеуді интервенциямен рубльді күшейту мүмкіндігінен айырды. Бұған қоса, Ресейдің бірнеше банкін SWIFT халықаралық төлем жүйесінен ажырату туралы шешім қабылданды. Бұл Ресей банктерінің 70 пайызына төлем аудару жүйесіне қиындықтар туғызды. Батыстың Ресейге қаржылық қысымы мұнымен біткен жоқ. Еуроодақ Ресейдің 26 тұлғасына санкция енгізді. Әлемдік экономикамен қатар, Ресейдің қаржылық жүйесі соққының астында қалды. Енді көрші елдің экономикалық жағдайы қалай болады? Қаржылық жүйені қандай сын-қатерлер күтіп тұр. Бұл туралы қазақстандық экономистер Azattyq Rýhy тілшісіне өз ойын білдірді.

Экономист Мақсат Халық:

Ресей экономикасы үлкен санкцияның қыспағында қалды. Қаржы нарығында біз үйренген заңдылықтардың бәрі бұзылды. Алдымен Ресейдің ірі банктерінің активі бұғатталып жатыр. Одан бөлек елдің инвестициялық тартымдылығы түсіп кетті. Кейбір қаржы институттары дефолттың алдында тұр деп айтуға болады. Бірақ жиналған резервтің көлеміне қарағанда Ресей санкцияларға дайындалған көрінеді. Бірақ Ресейге салынған санкцияның бізге де әсері болары белгілі, алайда Қазақстан оған дайын емес...

Енді Ресей экономикасы оңайлықпен қалыпқа келмейді. Қаржы секторынан бөлек, әуе және логистикалық компаниялары банкрот болып жатыр. Украина тарапынан Ресей соғысқа бір күнге 20 млрд доллар жұмсады деген ақпарат шықты. Бұлай жалғаса беретін болса, Ресей жер сипап қалайын деп тұр.  Екі ел арасында келіссөз жүріп, жағдай тұрақталатын болса, Ресей экономикасы бір жарым жыл ішінде қалыпқа келуі мүмкін. Бұған дейін Ресей экономикасы екі жарым пайыз өсім көрсетеді деп болжанған. Осы санкциялардың салдарынан 0-дік деңгейге түседі.

Қазір Ресей күннен күнге оқшауланып барады. Бәрімізге мәлім, Украинаны Еуроодаққа қабылдады. Енді НАТО Украинаға қажетті қару-жарақ жіберуде. Ресей қорында 630 млрд доллар жинақталған. Оның 56 пайызы доллар және еуро валютасында сақталған. Бұл қаражат қазір бұғатталды. Ал 21 пайызы алтын күйінде Ресейде сақтаулы. Оны да валютаға айырбастау санкцияның салдарынан мүмкін емес. Жалпы айтқанда бұл қаражаттың 77 пайызын Ресей қолдана алмайды.

Назар аударатыны, Ресей алтын валюта қорының 14,2 пайызы Қытайда сақталыпты. Бұл Ресей билігінің Батыс елдері «қол жеткізе» алмайды деген оймен жасаған қадамы деп тұжырымдайды сарапшылар. Қазір Ресейдің қолындағы бар ақшасы 630 млрд доллардың тек 8,8 пайызы ғана. Бұл қаражттың өзі Қазақстанның Ұлттық қорымен шамалас екен. Қалай десек те, Ресейдің өз ішінде есебі түгел.

Қаржыгер Расул Рысмамбетов:

Ресейдің бірнеше банкін SWIFT халықаралық төлем жүйесінен ажырату туралы шешім, тауар айналымының тежелуі, шикізат экспорты сынды қадамдар көрші елдің экономикасын толықтай тығырыққа тірейді. Бірақ Ресейдің газы мен мұнайынан толықтай бас тартады деп ойламаймын. Мұнай нарығындағы ойыншылар жағдайды тиімді пайдалануды көздеп отырған сияқты. Яғни, олар Ресейдің мұнай мен газын үлкен жеңілдікпен сатып алуды көздеп отыр.

Екінші нұсқа, Ресей Қытайға мұнай өнімдерін сату көлемін арттыруы мүмкін. Жағдайдың қалай өрбитіні алдағы уақытта белгілі болады. Бұл жерде экономика саяси мүдденің құрбаны болып отыр.

Асылхан Андашев, экономист:

Батыс елдері алғаш рет Ресейге 2014 жылы санкция салды. Бірақ ол санкциялар жекелеген адамдарға бағытталған болатын. Өткен аптада АҚШ, Еуропалық одақ, Ұлыбритания салған санкциялар Ресейдің экономикасына маңызды банк, энергетика, қорғаныс салаларын қамтыды. Ол санкцияларды Жапония, Корея Республикасы, Тайвань, Сингапур сияқты Азияның дамыған елдері қолдады.

Өткен аптада капитализациясы 8 трлн рубльден асып жатқан «Сбербанкке» санкция салынған соң ол өз құнының 3/4 бөлігін жоғалтты. Онымен қоса, Батыс елдері Орталық банк резервін де бұғаттады. Ресей рублі ішкі нарықта 1 доллар 100 рубль көлемінде сатылып жатса, форекс нарығында 1 доллар 120 рубльге дейін баруда. Ресей 2021 жыл қорытындысында номиналды ЖІӨ бойынша 11-орында тұр. Көлемі – 1,65 трлн доллар. Салыстырар болсақ, 2013 жылы Ресей номиналды ЖІӨ көлемі 2,3 трлн доллар болды. Бұл Ресей экономикасына Батыс елдері санкция мен мұнай бағасы төмендеуінің салдары өте ауыр болғанын көрсетеді. Кеше ғана «Сургутнефтегаз» компаниясы мұнайға сұраныстың күрт төмендеп кеткенін айтты. Ал мұнай Ресей экспортының 45%-ын құрайды. Мұнай мен газдан бөлек, Ресей металл экспорттайды. Қазір «Северсталь» компаниясы да өз өнімдерін Еуропа, АҚШ, Жапония, Кореяға сата алмай отырғанын және өзге нарық іздеп жатқанын айтты. Бұл өте ауыр соққы болғалы тұр.

«Ресей экономикасы санкциялардан пайда көрді, өз өндірісін дамытты» деген пікірге келетін болсам, 2014 жылы Ресей Батыс елдері санкциясына жауап ретінде олардан азық-түлік алуға тыйым салатын санкция енгізді. Ол Ресейдің ішкі өндірісіне пайдасын тигізген болуы керек. Алайда, қазіргі санкция кезінде Батыс елдері Ресейге сатуға тыйым салған заттар сүт, балық, ірімшік сияқты нәрселер емес, олар – микроэлектроника, жоғары технолониялық тауарлар, чиптер, ұшақтар мен көліктер, өзге де техниканың қосалқы бөлшектері, программалық қамту және т.б. дамыған ғылым мен өндірісті қажет ететін салалардың тауарлары. Ресей оны азық-түлік өнімдері сияқты бірнеше жыл ішінде орнын баса алмайды.

Ресей Кеңес үкіметі тарағалы бері 1 ғана әскери емес ұшақ жасай алды – Sukhoi SuperJet 100. Оның өзі кейбір технологияны Еуропа елдерінен алады. Сондықтан Ресей бұл санкция кезінде тыйым салынған заттардан ішкі өндірісі дамуы да қиын, оларды ауыстыратын өзге технологиялар беретін өндіруші табу да қиынға түспек. Биыл Ресей экономикасы үшін 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан да, 2020 жылғы пандемия кезіндегі дағдарыстан да ауыр болмақ. Ресей дефолт болған 1997 жылғы дағдарыспен ғана салыстыруға болады.

Экономист Айдархан Құсайынов:

Батыс пен АҚШ-тың салған санкцияларына қарамастан Ресей экономикасы дами береді. Айтарлықтай әсер етеді деп ойламаймын. Германияның қаржы саласына жауапты министрі «біз өзіміз көтере алатын санкцияларды саламыз» деп айтқан болатын. Олар да әр қадамын ойланып басады. Бүгін салынған санкцияны 3 күнен кейін «алып тасмаймыз» деп тұрмайтын деңгейде болу керек. Батыс та бұл санкцияның салдары өздеріне айналып келетінін, Ресейден бұрын олардың экономикасы зардап шегетінін толық түсінбей отыр.

Екіншіден, бұл жасалған қадамдарға Ресей әлі толық жауап берген жоқ. Экономикалық жағынан алып қарасаңыз Ресейдің қазіргі әрекеті тек қорғану ғана. Барлығымызға Ресей санкцияға қарсы тұра алмайтын сияқты болып көрінеді. Өйткені, Батыс осындай әркет жасап үйреніп қалды. Үнемі өздерімен салыстырғанда әлсіз әрі дамушы елдерге санкция салып үйреніп қалған. 2014 жылы алғаш салынған санкцияның салдары Ресейге оң әсер етті. Олар өз өндірістерін дамытып алды. Мысалы, Түркия мен Грузия Ресейге санкция салған жоқ. Олар оған дейін бұл қадамның өздері үшін де тиімсіз екенін түсінді. АҚШ президенті Джо Байден жеке тұлғалардың қаражатын бұғаттау туралы айтты. Капитализмде біреудің жеке мүлкіне тиісудің соңы жаман аяқталатынын білеміз. Қазір Ресей Украинамен салыстырғанда ешкімнен көмек сұрап отырған жоқ. Ешкімге тәуелді емес. Тіпті Қытайға да.

Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаев:

Санкциялардың нәтижесінде Ресей акцияларының бағасы құлдырап 50-60 пайызға төмендеді. Әсерінен Ресейдің құнды қағаздарына сұраныс жоғалды. Олар қазір бар акцияларын сатып жатыр. Валюталық түсімнің аз болуына байланысты рубль құлдырады. Артынша теңгенің де долларға шаққандағы бағамы түсті. Бұл жерде теңгені күшпен ұстап тұрудың қажеті жоқ.

Бұған дейінгі санкция кезінде Ресей Еуропадан келетін ауыл шаруашылығы өнімдерін өздерінде өндіруге одан бөлек, Қазақстанның етін тұтынуға көшті. Сондықтан Ресей Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тауар айналымын жандандыруға күш салмақ. Осы ретте, Германияның автокөлік өндірісіне Қазақстан мен Ресейдің шикізаты сұранысқа ие болды. Қазіргі жағдайда Германия да бұл санкцияның өзіне кесірі тиетінін түсінеді. SWIFT халықаралық төлем жүйесін айыру бұған дейін АҚШ-тың бастама болуымен Иранда және Солтүстік Кореяда қолданылған. Бұл екі елде альтернатив нұсқа тапты. Ресей де басқа нұсқа қарастыруы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары