Беларусь Қазақстанға мұнай сұрап келеді
Беларусь президенті Ресей мұнайына балама мұнай туралы тапсырма бергені белгілі
Бүгін Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Беларусь Республикасының «Белнефтихима» компаниясы министрлікке мұнай тасымалдау туралы өтініш түсіргенін хабарлады. Министрлік осы айдың 20-ына дейін «Белневтихима» өкілдерін Қазақстандағы әлеуетті мұнай компанияларымен кездестіруді ұйымдастырмақ.
«Министрліктің атына «Белнефтихима»компаниясының атынан арыз-өтініш түсті. Бұл ведомствоның өкілдері Қазақстанға келіп, мұнай жеткізу туралы талқылау өткізбекші. Қазір біз мұнайды әртарап бағытта тасымалдаймыз, сондықтан, Беларусь тарапының ұсынысын да қарай аламыз.
Біз ресурсқа ие (мұнай компанияларымен -авт) тараптармен Беларусь тарапын кездестіреміз. Экономикалық тиімді баға мен Беларусь тарапының ұсынысына көңілі толатын мұнай компаниясы болса, бәлкім, мәміле жасалады», - деді Ноғаев журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Нұрлан Ноғаев Қазақстан мен Беларусь мұнай нарығының өкілдері 2020 жылдың 20 қаңтарына дейін кездесіп үлгереді деді. Яғни, алдағы аптада Қазақстанға Беларусь тарапы «Ресей мұнайына балама» іздеп келеді деген сөз.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан