«Көлеңкелі экономиканың» басым бөлігі Қытаймен арадағы сауда-саттыққа тиесілі
Пандемия кезінде де Қытайдан Қазақстанға келетін көлеңкелі сауда көлемі көбейген
Елімізде көлеңкелі экономиканың үлесін 15%-ға төмендету туралы жоспар бар. Соған қарамастан былтырғы көрсеткіш 20,23%. Экономикалық саясат институтының мәліметінше, бюджетке түсімі жоқ, заңсыз сауданың үлесі ресми мәліметтен көп, яғни 26-27%. Ал Дүниежүзілік банктің есебі Қазақстандағы «көлеңкелі экономика» 30 %-дан жоғары деген ақпарат ұсынады.
GSB UIB бизнесті талдау орталығы маманы, Асылхан Андашовтың айтуынша, елдегі «көлеңкелі экономиканың» басым бөлігі Қытаймен арадағы сауда-саттыққа тиесілі.
«Былтырғы кедендік және салықтық түсімнің төмендеуіне пандемия себеп болып отыр. Бірақ елдегі «көлеңкелі экономиканың» басым бөлігі Қытаймен арадағы сауда-саттыққа тиесілі. Мысалы, бұған дейін Қытайдың Қазақстанға экспорт көлемі мен Қазақстанның көрші елден сатып алған тауар айналымында 7 млрд доллар айырмашылық анықталған. Бұл қаражат Қазақстанның бір жылдық бюджет табысының төрттен бір бөлігіне тең. Әрине бұл қаражат көлеңкелі айналымнан шықса, бюджет бүйірі толысып қалар еді. Ең қызығы, пандемия кезінде шекаралар жабылып жатқан уақытта Қытайдан Қазақстанға келетін көлеңкелі сауда көлемі көбеймесе, азайған жоқ.
Қазақстан үшін сыртқы саудада Еуразиялық экономикалық одақ – Еуроодақтан кейінгі екінші ірі нарық. Сондықтан бұл одақпен де саудадағы ашықтықты қамтамасыз ету аса маңызды. Бірақ аталған одақтан шығатын тауар өндірушілер таңбалаудан бас тартады. Былтыр Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен барлығы 19,7 млрд долларға сауда жасадық, оның 5,5 млрд доллары біздің оларға сатқанымыз болса, 14,2 млрд-ы сатып алғанымыз екен», – дейді сарапшы.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Ұлттық статистикалық бюроның мәліметінше, бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу (ҚК-нің 189-бабы) бойынша қозғалған іс былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы І жарты жылдықтың өзінде 46-ға артық. Сонымен қатар, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша да қылымыстық іс саны артып отыр. Былтыр барлығы 192 қылмыс тіркелсе, биыл жарты жылдың өзінде 130 қылмыс тіркелген.
Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан