$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.09.2021, 18:14
Экономика

Тойға рұқсат беру, жаздағы қуаңшылық: қыста ет бағасы 5 мың теңге болуы мүмкін бе?

Қазақстан ет одағының басқарушы директоры ет өніміне тікелей қатысы бар заттардың бағасы 2-3 есе қымбаттағанын айтты

Тойға рұқсат беру, жаздағы қуаңшылық: қыста ет бағасы 5 мың теңге болуы мүмкін бе?
көрнекі фото

Былтырмен салыстырғанда биыл қой етінің бағасы 20,2%-ға өсті. Ал сиыр еті 14,4%-ға, жылқы еті 12,2%-ға, тауық еті 11,3%-ға қымбаттаған. Жыл басынан бері жалпы ет бағасы 7%-ға өсіпті.

Себебі, жаздағы қуаңшылық салдарынан шөп бағасы 3 есе қымбаттаған. Оның үстіне жанар-жағармай бағасының көтерілуі де жығылғанға жұдырық болып отыр. Мал өсірушілер биылғы қысқа дайын емес. Сондықтан қар түскенге дейін малын жаппай сатуға көшкен.

Қазақстан ет одағының басқарушы директоры Жеңіс Бекназаров ет бағасының қымбаттауы айтарлықтай жаңалық емес екенін, биыл қыста қымбатшылық бәріне сезілетінін айтты.

«Қазір басқа азық-түлікпен салыстырғанда ет бағасы арзан деп айтуға болады. Бірақ ет өніміне тікелей қатысы бар заттардың бағасы 2-3 есе қымбаттады. Мысалы, арпа-бидай, кебек былтыр осы уақытта 50-60 теңге болса, қазір 100 теңгенің үсітінде. Жанар-жағармай құны биыл 170 теңгеден 250 теңгеге бірден көтерілді. Техника мен қосалқы бөлшек бағасы да артқан. Шөп бағасы тоннасына 15 мыңнан 50 мыңға дейін қымбаттады. Сондықтан шаруалар қысқа дайын емес. Яғни, қолда бар малын қысқа қалдырмай сойып, өткізіп жатыр. Енді қаңтар мен мамыр аралығында ет тапшылығын сезінеміз, салдарынан баға қымбаттайды», - дейді Жеңіс Бекназаров.

Оның айтуынша еттің келісі 5 мың теңге болады деген болжам шындыққа жанаспайды. Ары кетсе, қазіргі ет бағасына 500-600 теңге қосылады. Нұр-Сұлтан қаласында ірі қара мал еті көтерме саудада 1700-2000, қой еті 2300-2600, жылқы еті 2200-2500 теңге аралығында сатылуда.

«Қазір ешкім мал бордақылап отырған жоқ. Бар болса да, жылдағы көрсеткіштен екі есе аз. Қоғамда ет бағасы аспандап кетеді деген қауіп бар. Солай болған күннің өзінде нарықтағы бағаны қалпына келтіру үшін көрші Ресей, Беларусь елінен сауынды, сүтті сиырлардың еті келеді. Бұл еттің сапасы нашар болғандықтан бағасы салыстырмалы түрде арзан. Сүйекті, еті аз сиырлар ғой. Мұндай етті Еуропада мүлдем жемейді. Біздегі нарық етті сапасына қарап емес, бағасына қарап таңдайды», - дейді Ж. Бекназаров.

Биыл қой бағасының шамадан тыс шарықтап кету себебін Қазақстан ет одағының басқарушы директоры былай түсіндіреді:

«Біздегі сапалы қойлардың легі Араб мемлекетіне жіберіліп жатыр. Сыртқы елдер тарапынан қой етінің экспортына сұраныс жоғары. Оған пандемия кезінде қой еті мен құйрығы коронавирусқа ем деген ақпарат әсер етті деп ойлаймын».

Биыл ет бағасының қымбаттағаны тұтынушыларға да тікелей әсер еткен. Жыл басынан бері елде ет сатып алушылар қатары 10 пайызға кеміді. 

Ет бағасының қымбаттау себебін экономист Мақсат Халық былай түсіндіреді:

«Ет бағасының қымбаттауына жаздағы қуаңшылық тікелей әсер етті. Қымбатшылықтың көкесі қыста болуы мүмкін. Еттің келісі 5 мың теңгеден асып кетуі мүмкін бе деген сұрақ туындайды. Мұндай межеде болады деп ойламаймын. Өйткені, 5 мың теңгеге ет алатындай халықтың төлем қабілеті жоғары емес. Онсыз да, азық-түлік бағасы күн сайын қымбаттап отыр. Егер ішкі нарықтағы ет бағасы айтарлықтай қымбаттап кетсе, өзге елден келетін етті тұтынуға тура келеді.

Екіншіден, ет құнының өсуіне шаруалардың өзі ынталы. Себебі, жем-шөптің құны өсті. Бұл да құрғақшылықтың тигізген залалы. Бұған қоса, той-томалақ өткізуге рұқсат берілді. Енді мейрамханалар етке тапсырыс бере бастайды. Бұл өз кезегінде тапшылық тудырып, бағаның көтерілуіне ықпал етеді».

Елдегі ет тапшылығының туындауына қарамастан экспорт көлемі артпаса, кеміген жоқ. Биыл 60,1%-ға ұлғайды. Белгілі болғандай, қаңтар - шілде айларында 21,7 мың тонна ет шетелге жіберілді. Сатылған тауардан түскен түсім 46,6 млн доллар. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 47,1%-ға артық. Әсіресе, көрші Ресей тарапынан қазақстандық етке сұраныс жоғары. Биыл Ресей 21,1 млн долларға 14,6 мың тонна ет сатып алды. Салыстырмалы түрде айта кетер болсақ, Қазақстанның Ресейден сатып алған ет көлемі 1,16 мың тонна.

Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары