Жалдамалы баспананың ең қымбаты Алматыда, ең арзаны Семейде
Мамандар Үкімет жалға берілетін пәтерлердің бағасын реттемесе, бағаға тоқтам қою мүмкін емес деп отыр
Еліміздің ірі қалаларында пәтерді жалға беру құны тамыз айында бірден екі есеге шарықтады. Мамандардың айтуынша, бұған коронадағдарыстың еш қатысы жоқ, бұл әдеттегідей студенттердің қалаға ағылуымен және баспанасыз жүрген жас отбасыларға байланысты құбылыс.
«Қазақстанның ең ірі қалаларында Нұр-Сұлтан мен Алматыда баспана бағасымен қатар жалға беру ақысы тамыз айының алғашқы күндерінен бастап екі есеге қымбаттады. Бұған басты себеп Алматы қаласындағы студенттер санының көбейіп кетуі болып тұр. Шаһар бойынша 200 000 студент болса, соның жартысы, яғни 100 мыңы 3-4 курс студенттері. Бұған жаңадан үйленіп бір басы екеу болған жас отбасыларды қосыңыз. Арман қуып Алматыға, Нұр-Сұлтанға барып жатқан жастар қаншама!?» - дейді Қазақстан Біріккен риэлторлар қауымдастығының мүшесі Жәрдем Ақбисенов.
Жәрдем Ақбисенов кез келген тауарға сұраныс артқан сайын, оның бағасы да қымбаттайтынын айтады. Ал баспана проблемасы әлі де өзінің өзектілігін жоғалтпағанын ескерсек, нарықтағы «жалдамалы пәтерге» сұраныс әзірге азаймайтын сыңайлы.
«Мәселен ірі қалаларда былтыр бір бөлмелі пәтер 80 мың теңге болса, биыл 150 мыңнан төмені жоқ. Ал, екі бөлмелі пәтерлер 110 мың теңге болса, биыл 220-250 мың теңгені құрайды», - дейді маман.
Сондай-ақ, Қазақстан Біріккен риэлторлар қауымдастығының мәліметінше6 алдағы айларда да пәтерді жалға алу құнының арзандауы екіталай.
«Пәтерді, үйді жалға беру ақысы төмендей қоймас. Себебі Алматыда колледждерді қоспағанда, 40-қа жуық жоғары оқу орны бар. Оқу бітірген жастардың көбі ауылға бармайды, қалада қалады. Үкімет арнайы қаулы шығарып, жалға берілетін пәтерлердің бағасын реттеуді қолға алмаса, бағаға тоқтам қою мүмкін емес. Жалға берілетін пәтерлерде тұратын барлық тұрғындарды уақытша тіркеуге алу керек. Сол кезде жалға берушілердің, табатын пайдасы анықталып, салық төлеуге мәжбүр болады. Осылай бағаны тұрақтандырмаса, басқа жолы жоқ», - дейді Жәрдем Ақбисенов.
Бұдан бөлек, соңғы кездері пәтер иелері жалға алушы тұлғаға депозит төлеуді міндеттеген.
«Себебі пәтерді жалға алушы коммуналдық төлемді төлемей немесе мүлкін ұрлап, я болмаса жарақсыз қылып көшіп кетуі мүмкін. Міне осындай жағдай болмас үшін депозитке ақша салдырып қояды. Кететін болса, депозитке салған ақшаны қарызы болмаса, қайтарып береді. Бұл әдіс Еуропа елдерінен, сосын Ресейден келді», - дейді риэлтор.
krisha.kz порталындағы хабарламаларда жалдамалы баспананың ең қымбат бағасы Алматы қаласында тіркелген. Ондағы элиталы үйдегі бір бөлмелі пәтердің бір айлық жалға алу құны – 700 мың теңгені құрайды. Ал еліміз бойынша ең арзан жалдамалы бір бөлмелі үйді Семей қаласынан табуға болады. Құны 35 000 теңге.
Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап елімізде "Учаске" жедел профилактикалық іс-шарасы басталды. Оның мақсаты - тұрғындардың мәселелерін зерттеп, құқық бұзушылар мен ішкі істер органдарының есебінде тұрған адамдарды анықтау.
Krisha.kz жазған ақпаратқа сүйенсек, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері рейдтің бірінші аптасында Алматыда 340, Нұр-Сұлтанда 130-дан астам заңсыз жалға берілген пәтерді анықтаған. Профилактикалық шара осы жылдың 1 желтоқсанына дейін жалғасады.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан