$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.12.2019, 11:07
Экономика

Биыл қазақстандықтар 10 млрд теңгеге алтын құймаларын сатып алған

2019 жылы барлығы 426 келі алтын сатып алынған

Биыл қазақстандықтар 10 млрд теңгеге алтын құймаларын сатып алған

Қарапайым қазақстандықтар үшін алтынды сату және сатып алуға мүмкіндіктер берілгеннен бері алтын құймаларына деген сұраныс артқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Ұлттық банк 2017 жылы  тазартылған құйма алтындарды екінші деңгейлі банктер арқылы сату/сатып алу операцияларын жүргізе бастаған еді. Оған Халық банкі, Еуразялық банк және Jysan Bank қатысқан болатын. Ал 2018 жылы шағын алтын құймаларын валюта айырбастау орындары арқылы саудалау қолға алынды. Бағдарлама аясында қарапайым азаматтардың алтынды қолда ұстауға мүмкіндігі артты. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ұлттық банктің ресми сайтындағы деректер негізінде хабарлайды.

Сөйтіп жинағын алтын түрінде ұстау үрдісі қалыптасып келеді. Қазір ел азаматтарының қолында  жарты тоннаға жуық алтын құймалары бар. Бүкіләлемдік алтын кеңесінің мәліметінше, Қазақстан алтын мен алтын-валюта қоры жөнінен биыл қыркүйекте 14-ші орынға тұрақтаған. Тиісінше жекелеген азаматтардың да қымбат металдарға инвестиция салуға қызығушылығы артқан. Биыл 426 килограмм алтын сатып алынған. 

ҚР ҰБ мәліметі бойынша, 2019 жылы қыркүйекте Қазақстанның алтын-валюта қоры $28,8 млрд болған. Оның ішінте таза алтынның үлесі $18,05 млрд. Алайда бас қаржы реттеушінің ақпаратына қарағанда жыл басынан бері қор көлемі $2,1 млрд кеміген. Себебі биыл екінші деңгейлі банктерді қолдауға бөлінген қаражат пен мемлекеттің сыртқы қарыздарын өтеуге бағытталған қаржы ұлттық қор есебінен төленген.

Биыл тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Ұлттық банктің активтерін диверсификациялау туралы жарлыққа қол қойды. Енді ұлттық қордың активтері 60% облигациялармен, ал 30 % акциялармен сақталады, қалған 10% алтын және өзге де балама инструменттермен сақталмақ. Бұған дейін оның 80% бағалы қағаздармен, 20% түрлі акцияларда сақталып келген еді.

Ұлттық банктің мәліметінше, желтоқсан айында бір грамм алтынның орташа құны 18 288 теңгеге тұрақтаған. Ал жылдың басында ол 15,4  мың және  15,9 мың теңге аралығында құбылып тұрды. Сөйтіп қаңтар айынан бері бұл бағалы металдың бағасы 18% өскен.

Валюта айырбастау орындарында  999,9  сынамалы алтынның 5, 10, 20, 50,100 граммдық түрлері саудаланып жатыр. Ұлттық банктің ақпараты бойынша, отандастырымыз алтын үшін биыл 10 млрд теңге қаржы жұмсаған. Сөйтіп ақша айырбастау пункттері өткен 11 айда 11, 7 мың құйманы саудалаған. Оның жалпы салмағы 426 кг.  Таза алтынды сатып алушылар ішінде үш қаланың (Алматы (38%), Атырау (26%), Нұр-Сұлтан (14%) тұрғындары көш бастап тұр. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары