$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.05.2021, 09:28
Экономика

Тоқаев республикалық бюджет туралы заңға қол қойды

Республикалық бюджет шығыстары 15 трлн 334 млрд теңгеге болжанып отыр

Тоқаев республикалық бюджет туралы заңға қол қойды
Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Мемлекет басшысы «2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңына қол қойды.

Еске сала кетейік, 20 мамырда Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға енгізілген түзетулерді мақұлдады.

«Макроэкономикалық көрсеткіштер болжамы ел экономикасының өсуі, мұнай нарығындағы үрдістер бойынша жедел деректер ескеріле отырып, сондай-ақ әлемдік экономиканың өсуі бойынша күтулер негізінде нақтыланды», - деді Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев заң жобасын таныстыру барысында.

Ұлттық экономика министрлігі басшысы ЖІӨ өсу қарқыны қаңтар айындағы минус -4,5 пайыздан сәуір қорытындысы бойынша + 0,7%-ке дейін жақсарғанын атап өтті. Мұнайдың орташа жылдық бағасы бір баррель үшін 50 АҚШ доллары деңгейінде анықталды. Ел экономикасының өсу болжамы 2,8%-тен 3,1%-ке дейін жақсарды. Номиналды ЖІӨ 77,8 трлн теңгеге бағаланады. Айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде болжамды көрсеткіштер 4,1%-тен 5,2%-ке дейін, құрылыста 2,5% -тен 5%-ке дейін, ақпарат пен байланыста 3,8%- тен 6,5%-ке дейін жақсарған.

Осылайша, түзетілген макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде 2021 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды.

«Республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді есепке алмағанда 2021 жылы 7 трлн 204 млрд теңгеге бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 279 млрд теңгеге жоғары. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт өзгермейді және 2 трлн 700 млрд теңге мөлшерінде сақталды. Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферт 1 триллион теңгеден 1 трлн 850 млрд теңгеге дейін ұлғайды», - деді министр.

Республикалық бюджет шығыстарына келетін болсақ, олар 15 трлн 334 млрд теңгеге болжанып отыр. Бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге қатысты 3,5% деңгейінде болжанды.

Серіктес жаңалықтары