Жеңіл өнеркәсіп: Қазақстанға Қытай тауарының 40% заңсыз жеткізіледі
Ұлттық компаниялар отандық текстилге тапсырыс бермекші
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов жеңіл өнеркәсіптегі контрафактілік жолмен импортталатын тауарларға қатысты пікір білдірді. Мәселен, Қазақстан 600 млн долларға сырттан келетін жеңіл өнеркәсіп заттарын алатын болса, соның басым бөлігі заңсыз келеді.
«Әсіресе, базардағы Қытай киімдерінің көбіне салық төленбейді. Жалпы, Қытаймен арадағы сауда айналымы 7 млрд доллар болса, соның 40%-ы, яғни 2,5 млрд теңгесі көлеңкелі жолмен айналып жүр», - деді Мырзахметов.
Айта кетейік, бүгін елордада бірінші рет отандық жеңіл өнеркәсіп өндірушілерінің съезі өтіп жатыр. Саланы қолдау үшін, ұлттық компаниялар отандық өндірушілерге тапсырысты арттырмақ. Қазақстан темір жолы» АҚ қазіргі уақытта отандық өндірушілерден 1 млрд теңгеге төсек-жабдық алған.
«Ұлттық компаниялар тапсырыс беруі керек. Осы жылдан бастап бұл мәселені қолға алып жатырмыз. Қазақстан темір жолындағы тасымалдау компаниясы («Жолаушылар тасымалы» АҚ) жылына 3 млрд теңгеден астам қаржыға тапсырыс береді. Биыл бұл компанияның 1 млрд теңгеге тапсырысын «Азала», «Ютария» сияқты отандық өнеркәсіп орындары алды. Бірінші рет. Келесі жылдан бастап осы сұраныстың бәрі өзімізде қалу керек», - деді Абылай Мырзахметов.
Оның айтуынша, «Казцинк», «Қазақмыс» сияқты компаниялар отандық текстилге тапсырыс беруге дайын. Бірақ олардың сапаға қоятын талабы өте жоғары көрінеді. Ал қонақ үйлер жеке компанияларды міндеттеуге ешкімнің құқы жоқ. Бұдан бұрын елде жеңіл өнеркәсіпті қолдау жөнінде Үкімет бастама көтеріп, ол кейінге қалғаны туралы жазғанбыз.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан