Қазақстанда өндірілген тауарларды жарты әлем тұтына бастады - Министрлік
Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі Қазақстанда өндірілген тауарларды әлемнің 120-дан астам елінде тұтына бастады деген хабар таратты
2010 жылдан бастап Қазақстанда индустриялық-инновациялық дамытудың бағдарламасы аясында 1250 жоба іске қосылды. Осылайша, Қазақстанда бұрын-соңды болмаған 500-ден астам өнім түрі шығарыла бастапты. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2009 жылы 32% болса, 2018 жылы 38%-ға жетіпті.
Министрлік берген мәліметке сүйенсек, кейбір салаларда өндіріс көлемі де артқан. Мәселен: металлургия өнеркәсібі (42%), азық-түлік өндірісі (13,7%), машина жасау (10,7%) және құрылыс материалдары өндірісі (10%).
«Осы кезеңде отандық экономикаға 32 млрд доллардан астам тікелей шетел инвестициясы тартылды. Өңдеу өнеркәсібінің құрылымы өзгерді: автомобиль өнеркәсібі, ірі темір жол машинасын жасау, мұнай-газ саласына машина жасау, күрделі тыңайтқыштар өндірісі сияқты жаңа бағыттар қосылды», - дейді Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі.
Арнайы зауыт ашылып, бұған дейін Қазақстанда өндірілмеген титан құймасы мен қорытпалар өндірісі жолға қойылған. Қазақстан титанының әлемдік нарықтағы үлесі 11%-ға, әуе-ғарыш саласында 17%-ға жетті.
«Машина жасау саласындағы өнеркәсіп көлемі 3,8 есе ұлғайды. 11 фармацевтикалық кәсіпорынның 20 өндірістік алаңында GMP халықаралық стандарттары енгізілді», - делінген ведомство хабарламасында.
Кейбір бағытта (құрылыс материалдары) импортқа тәуелділік азайған. Шикізаттық емес 70 тауар түрі бойынша өндіріс көлемі өсіпті. Экспорт көлемі ұлғайып, Қазақстанда өндірілген тауарларды 120-дан астам елде тұтына бастаған.