ШұғылАналық капитал: депутаттар дүниеге келген әр сәбиге 4,2 млн теңге төлеуді ұсынды

Тұрғын үйдің қымбаттауы бағдарламалармен байланысты емес – Қазақстан құрылысшылар одағы

Мамандардың пікірінше, импорттық құрылыс материалдарына субсидия қажет

Бүгінде экономика сарапшылары тұрғын үй бағасының шарықтауына қатысты түрлі пікір айтуда. Бұл тұста әсіресе, үй алуға арналған бағдарламалардың баспана бағасына кері әсері туралы жан-жақты пікірлер көп. Жуырда ғана біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану жүйесі іске қосылды. Тиімді тетік арқылы баспанасының кілтін алған азаматтар да бар. Алайда нарықтағы тұрғын үй бағасының тұрақталар түрі жоқ. 

Krisha.kz порталының мәліметтеріне сүйенсек, тұрғын үйдің шаршы метрінің құны Алматы қаласында шарықтап тұр.  Ал ең арзан баспаналар Қызылордада.

Azattyq Rýhy тілшісі Қазақстан құрылысшылар одағына хабарласып, бағаның тұрақсыздығына қатысты пікірлерін білді. Мамандардың айтуынша, әлемдік пандемияның соққысы құрылыс саласын да айналып өтпеді. Шекаралар жабылып, ұшақтар тоқтаған кезде тапсырыстар да тұралап қалды. Ал дағдарыстың күші еселене түскен кезде сауда саясаты құбылды. Дәлірек айтқанда, импорттық тауарлардың құны бірден аспандаған.

«2020 жылдың басында арматура құны 190 мың теңге болса, жыл соңында оның бағасы 300 мың теңгеге дейін жетті. Шамамен 57 пайызға өскен. Ал арматура - құрылыстың 12-15 пайызын құрайтын маңызды материал. Бұл басқа тауарларды айтпағандағы бір ғана мысал», - деді Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.

Иә, өкінішке қарай, Қазақстан әлі де кейбір құрылыс материалдарын өндіруге қауқарсыз. Сол себептен барлық құрылыс компаниялары импортқа тәуелді. Бүгінде құрылысқа қажетті тауарлар елімізге Қытай, Ресей, Түркия, Польша, Германия және Скандинавия елдерінен жеткізіледі. 

Құрылысшылар одағы тұрғын үй бағаларының қымбаттайтынын былтыр болжаған екен. 

«Өткен жылы теңге де девальвацияға ұшырады. Бұл да шетелден келетін тауарлардың құнына әсер етпей қоймады. Біз өткен жылдың төртінші тоқсанында құрылыс материалдарының қымбаттауы тұрғын үй бағасына 3-4 айдан кейін әсер ететінін айтқанбыз. Ақпан айында шаршы метр құнының артуы бұл - 2020 жылдың төртінші тоқсанындағы материалдардың қымбаттауымен байланысты жағдай», - деді Талғат Ерғалиев.

Алайда, мұндай қымбатшылық тапсырыстар санын азайтуға сеп болмайды. Ерғалиевтің айтуынша, қазір құрылыс компаниялары білікті жұмысшыларынан айырылып қалмауды көздейді. Сондықтан да олар үшін бизнесті тоқтатпау маңызды. 

«Жұмысшыларға берілетін жалақы да азаймауы керек. Сондықтан да құрылыс компаниялары пәтерлердің шаршы метрін қымбаттатуға мәжбүр. Өкінішке қарай мұндай жағдайда біздің қарапайым халық қымбатшылыққа ұрынатыны сөзсіз», - деді Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы.

Өз кезегінде BI Group құрылыс компаниясының өкілдері де импорттық метариалдардың біршама қымбаттағанын айтады.  

«2016 жылдан бастап 2020 жылға дейін бетон және минплит 57%-ға өсті, газоблок 52%-ға, цемент 72%-ға қымбаттады. Сондай-ақ, ең жоғары өсім арматура саудасында байқалады. Оның құны төрт жылдың ішінде 150%-ға өскен. Осылайша, құрылыс компанияларының 5 жыл ішінде үй салуға жұмсаған шығындары 83%-ға, ал дайын тұрғын үйді сату небәрі 22%-ға артты», - деді BI Group компаниясының өкілдері.

Нарықта құны артпаса, еш кемімейтін тұрғын үй мәселесінің сметалық құжаттары да дәл осы құрылыс материалдарының бағасына тәуелді екен. 

«Құрылыс саласында өзіндік қағида бар: «Сметалық баға әрдайым материал құнымен сабақтас». Яғни материалдың бағасы өссе, саладағы басқа да қызметтердің құны қымбаттайды. Оның ішінде жалақыны көтеру, құжаттарды рәсімдеудегі және өзге де күтпеген шығындардың артуы сынды мәселелер бар. Мұның барлығы шаршы метрдің қымбаттауына әкеп соғады», - деді Талғат Ерғалиев. 

Шаршы метрдің қымбаттауын бағдарламамен емес, коронадағдарыспен байланыстырған маман, бүгінде құрылыс компанияларына да мемлекет тарапынан субсидия керектігін айтты. 

«Импорттық материалдарға субсидия қажет. Олай істеу мүмкін болмаса, онда халыққа қаржылық қолдау көрсету керек. Бағалар қолжетімді болуы үшін халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру керек. Жыл сайын құрылыс саласына орта есеппен 1,5 трлн теңге құйылады. Сондықтан да БЖЗҚ-дан алынатын қаражат құрылыс саласына бағытталған аз ғана сома. Ол шаршы метрдің қымбаттауына еш әсер ете алмайды», - деді Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы.

Бұған дейін белгілі экономист Мақсат Халық тұрғын бағасының алдағы уақыттта қайта қалпына келетіні туралы пікірін айтқан еді. 

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан