«Реформадан реформа». Қазақстандағы мемлекеттік бағдарламалардың тиімсіздігі неде?
Есеп комитеті 2019 жылдың алты айында Қазақстандағы мемлекеттік, квазимемлекеттік органдардың жұмысынан тиімсіз пайдаланған 790 млрд 1 млн теңгені анықтаған.
109 нысанның бюджеті - 32 трлн теңге
Азаттық рухының ресми сауалына жауап жіберген республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті Үкімет бекіткен мемлекеттік бағдарламалардың бюджетіне жеке-жеке талдау ұсынған.
2019 жылдың алты айында 109 нысанға мемлекеттік аудит жүргізген комитет Үкіметке мемлекеттік органдардың жұмысын жақсарту үшін 42 ұсыныс, 185 тапсырма берген. Ол тапсырмалардың қаншалықты орындалғанын жыл қорытындысы көрсетеді.
Әзірге, есеп комитеті ұсынған дерекке сүйенсек, аудит қамтыған 32 трлн 787 млрд 3 млн бюджеттік қаражаттың 882 млрд 1 млн теңгесінде заң бұзу анықталған. Заң бұзу дегеніміз – органдардың қаражатты дұрыс игермеуі, тиімсіз пайдалануы, жоспарын да тиімсіз құрды деген сөз.
Тиімсіз пайдаланған мемлекеттік актив көлемі 1 триллионға жуықтайды
Заң бұзу зонасына түскен осы 882 млрд 1 млн теңге – өткен жылдың алты айындағы көрсеткішпен салыстырғанда, 3 есеге өскен. Яғни, биыл алты айдың өзінде мемлекеттік органдардың бюджет қаражатына жауапкершілігі үш есе төмендеп отыр.
Ұлттық қорды қалыптастыруға және пайдалануға бағытталған қаражатты, сондай-ақ, жаңарған негізде пайдаланылатын Ұлттық қор қаражатын есепке алмағанда, бюджеттегі заң бұзу фактілері 882 млрд 1 млн теңгені құраған. Соның ішінде:
-қаржылай заң бұзу сомасы – 4,8 млрд теңге;
-тиімсіз пайдаланылған қаражат және мемлекет активтері – 790 млрл 1 млн теңге;
-тиімсіз жоспарлау – 81,8 млрд теңге;
-квазимемлекеттік сектор субьектілерінің заң бұзу фактілері – 5,3 млрд теңге;
Үкімет Қазақстанды дамыған елдердің қатарына қосуға, дүниежүзілік рейтингтегі позицияларымызды жақсартамыз деп, салалық бағдарламалар қабылдаудан жалықпайды. Бағдарламаның бірі – білім беру сапасын арттыруға, енді бірі – денсаулық саласын дамытуға бағытталады, қысқасы, әр салаға «серпін» беретін бағдарламалардың көбеюіне бір себеп – рейтинг қуу.
Денге саулық, министрлікке – тұрақты саясат
Есеп комитетінен осы бағдарламалардың қаншалықты тиімді, республикалық бюджеттен бөліп беріп жатқан қаражатты қаншалықты ақтап жатқаны сұрадық.
Комитет 2019 жылы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне әлі талдау жүргізген жоқ. Былтырғы тоғыз бағдарламаның қорытындысын ұсынды. Тоғыз бағдарламаның талдауын – биыл аяқталатын «Денсаулық» бағдарламасынан бастайық.
Денсаулық сақтау саласында көрсеткіштердің сапасыз жоспарлануы, өзара байланыстың, қаржыландыру көлемдерінің арасындағы байланыстың жоқтығы, сондай-ақ, салалық статистиканың дұрыс қалыптастырыла бермейтіндігі орын алды. Жиі жүргізілетін реформалар салдарынан қаражаттың пайдалану тиімділігі төмен, сондықтан, денсаулық сақтау саласын дамытудың дәйекті саясатын айқындау қажет. Есеп комитеті «Денсаулық» бағдарламасын әзірлеген Денсаулық сақтау министрлігіне осындай ұсыныс тұжырым етті.
20 жылда – сегіз өзгеріс
Денсаулық сақтау жүйесіндегі жиырма жылдағы реформалар:
- 1996-1999 жж. – Міндетті медициналық сақтандыру қоры құрылды;
- 1999-2001 жж. – қаржыландару республикалық және облыстық бюджеттер есебінен жүзеге асырылды;
- 2001 жылы – денсаулық сақтау жүйесін аудандық деңгейге дейін қаржыландыру функциялары орталық аппаратқа ауысты. Бұл, есеп комитетінің тұжырымынша, «денсаулық сақтаудың рентабельді емес және нашар басқарылатын микрожүйесіне әкеп соққан»;
- 2004 жылы – Денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленді;
2010 жылы – ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 - 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы әзірленді;
- 2015 жылы – «Міндетті медициналық сақтандыру туралы» Заң қабылданды;
-2016 жылы – Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы әзірленді.
- 2017 ж. – міндетті медициналық сақтандыру мерзімдерін дайын болмауына байланысты 2020 жылға дейін ауыстырылды.
Есеп комитеті биыл аяқталатын «Денсаулық» бағдарламасының өзі екі рет өзгергенін айтады. Екінші өзгерісте тағы да сол дұрыс жоспарламаудың салдарынан бағдарламаға бөлінген қаражат азайып қалған.
«2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарда денсаулық сақтау саласындағы басты проблемалардың бірі - қаражаттың жеткіліксіздігі деп айтылған, оны шешу үшін қаржыландыру көздерін әртараптандыру ұсынылған. Алайда, «ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына 2018 жылы 207 млрд 276 млн теңге қаражат көзделген, бұл әуел баста жоспарланған қаражаттан 3,4 есе аз», - деп қорытынды берген комитет.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан