$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.12.2020, 10:40
Экономика

Теңгенің жайы, мұнайдың бағасы, Байден факторы – экономистер 2021 жылға болжамын айтты

Вакцинаның әзірленуі коронадағдарысты тежей ала ма?

Теңгенің жайы, мұнайдың бағасы, Байден факторы – экономистер 2021 жылға болжамын айтты
фотоколлаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Коронавирусқа қарсы вакциналардың әзірленуі жайлы жағымды жаңалықтар бүкіл әлемге пандемияны еңсеріп, қиындыққа тап болған экономика қайта қалпына келеді деген үміт сыйлады. Ал сарапшылар ОПЕК+ елдері арасындағы келіссөздердің аяқталуын күтпестен, келесі жылы мұнай өндіруге арналған шектеулер тағы да ұзартылады деп болжайды. Әрине, осы жылдың наурыз-сәуір айларында айырбастау пункттерінде доллардың 448 теңгеден саудалануымен салыстырғанда, қазіргі жағдай аса алаңдаушылық туғызбайды. Үнемі құнсызданудан «көз ашпаған» ұлттық валюта соңғы аптада тұрақтағандай.

Келесі жылы ішкі-сыртқы факторлардың ұлттық валютаға әсері қалай болмақ? Ұлттық қордың қазіргі жағдайы қандай? Доллар бағамына байланысты баспана құны қалай құбылмақ? Azattyq Rýhy тілшісі қаржы сарапшыларымен сұхбаттасып, 2021 жылға болжам жасап көрген еді. 

«ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ ӨТКЕНШЕ ДОЛЛАР ҚЫМБАТТАМАЙДЫ»

Соңғы кезде айырбастау орындарында 1 доллар 422 теңгенің төңірегінде тұрақтады. Ұлттық валюта шамамен 3-5 теңгеге нығайды. Экономист Мақсат Халықовтың айтуынша, теңгенің нығаюы елдегі қаржылық, саяси сауатты қадамдардың жемісі емес.

«Доллардың арзандауына Трамптың өзі мұрындық болды. Әлемдік валютада доллар өз құнын жоғалтты. Неге? Өйткені америкалық компаниялардың Қытаймен, Еуропа елдерімен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін. Осы мақсатта доллардың пайыздық мөлшерлемесін түсірді. Соңғы уақытта мұнайдың бағасы қайта көтеріле бастады. Басты себебі, америкалық компания COVID-19 вакцинациясын сәтті өткізді. Бұл ақпараттан соң мұнай нарығында бірден өзгеріс болды. Тағы бір фактор - Қазақстандағы сайлау процесі. Доллардың қымбаттамауына сайлау жанама түрде болса да, әсерін тигізеді. Америка доллардың кілтті пайыздық мөлшерлемесін нөлге түсірген соң еуромен, швейцарлық франкке қарағанда құнын жоғалтты. Теңгенің аздап болса да нығаюы сол себептен», - деді экономист Мақсат Халықов.

Қаржы сарапшысының айтуынша, 10 қаңтарға дейін доллар айтарлықтай қымбаттамайды. Өзгеріс болғанның өзінде, оған Ұлттық банк араласады. Доллар еркін айналымға кетсе де, Ұлттық банк интервенция жасауды толық тоқтатқан емес. Интервенция болмағанда, доллар құны қазір кем дегенде 450 теңгені құраушы еді.

Теңгенің құнын қолдан көтеру немесе ұстап тұру Ұлттық банк үшін өте қымбатқа түседі. Көктемде сондай әрекетке барған Ұлттық банк халық қаражатынан 1,5 миллиард долларды жұмсағанымен, ол ақшаның бәрі «ауаға» кеткен. 

«Қазан айында доллар тағы біразға шарықтағалы тұрғанда Ұлттық банк 230 млн долларға  интервенция жасады. Нарыққа 230 млн долларды құйды да, кейін жағдай тұрақталғанда халықтан долларды қайтадан кері сатып алды. Сонда шығын 92 млн долларды құрады. Спекуляцияға жол бермеу керек. Доллар биыл наурызда 390 теңгеден бірден 450 долларға «секірді». Ұлттық банк долларды 400 теңгеден асырмаймын деп 1,5 миллиард долларды құйды да, «жағып» жіберді. Ұлттық қордың қаражаты жұмсалды. Сонда да шамасы жетпеді. Содан ары қарай ақша құюға негіз жоқ деп, бағаны еркіне жіберді. Келімбетовтің тұсындағыдай, Ұлттық қордың ақшасын интервенцияға жібере беруге болмайды. Доллардың құнын ұстап тұра алмаған соң, теңгенің базалық мөлшерін 12 пайызға көтерді. Ал бұл оң әсерін берді», - деді сарапшы.

ҰЛТТЫҚ ҚОРДАҒЫ ҚАРЖЫ 5 МЛРД ДОЛЛАРҒА АЗАЙДЫ 

Интервенциядан бөлек, қымбатшылық пен пандемияға қарсы күрес көп мөлшерде шығынды талап еткен. Нәтижесінде, биыл Ұлттық қордағы ақша бірден 5 миллиард долларға кеміген. Қордағы қаржы 57 миллиард доллар көлемінде. Қазақстанның ұтқаны – алтын-валюта резервтерін арттыруы. Қазір Қазақстан алтын-валюта резерві бойынша Португалиядан кейінгі (326 тонна) алтынмен 13 орынға жайғасқан. Сарапшылардың айтуынша, доллардың пайыздық мөлшерлемесін азайтқан Трамп дәуірі аяқталуға жақын. Бұл доллар тағы да қымбаттайды дегенді білдіреді. Мұнай өндіруге шектеудің сақталуы, АҚШ пен батыс елдерінің Ресейге санкция салуын жалғастыруы, жаңа президент Джо Байденнің мұнайға сұранысты төмендетіп, жасыл экономика көздеріне инвестиция салатыны сынды мәлімдемелері ұлттық валютамыздың құнсыздануына тікелей әсер етпек.

«Қазір экономикадағы проблемаларға байланысты мұнайға деген сұраныс әлі де төмен. Сондықтан, ОПЕК елдерінің мұнай өндірісін қысқартуды жалғастырудан басқа амалы жоқ, әйтпесе ол мұнай бағасын мүлде құлдыратып жібереді. Қазір баррель бағасының көтерілуі екіталай, тек аздап түзету енгізілуі мүмкін. АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байден Ресейге деген көзқарасын әлі көрсеткен жоқ, бірақ сайлау науқаны кезінде ол Ресей мен Қытайға қатысты ұстанымы өте қатал екенін айтты, сондықтан санкциялар алынбайды. Әрине, қазіргі санкциялар күшіне енеді және жаңа санкциялар қолданылуы мүмкін, осылайша рубльге қысым жасалады. Қазір әлемдегі басқа валюталар долларға қатысты нығаюда. Бірақ бұл теңге мен рубльге қатысты емес», - дейді «Астана Инвест» брокерлік компаниясының инвестицияларды талдау бөлімінің басшысы Серік Қозыбаев.

Ресей Қырымдағы қырқысы үшін соңғы 5 жылдан бері санкция құрсауында отыр. Десе де, АҚШ Ресейге инвестиция салуды шектемеген, шетелдік азаматтарға Ресейдің бағалы қағаздарын сатып алуға толық тыйым салмаған. Ресейдің мұнайы мен газына қатысты сауда эмбаргосы сияқты қатаң шараларды да әлі қабылдаған жоқ. Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев егер АҚШ-тың жаңа президенті бастаған команда осындай шараларды қабылдаса, онда рубль әлсірейді, ал онымен бірге теңге де құнын жоғалтады деп қауіптенеді.

«Түрлі факторлардың негізінде теңге әлсірейді, бұл сөзсіз. Ал санкция Ресейге ғана емес, Еуропаға да кері әсер ететін маңызды шаралар. Санкция құрсауындағы Иран, Венесуэла, Түркия елдерімен салыстырғанда Ресей әлдеқайда ауқымды, оның ЖІӨ-ге қосатын үлесі 1,5% деңгейінде болғандықтан, әлемдік саудада маңызды орын алады және мұндай шектеулер әлемге ауыр тиеді. Сондықтан санкциялар жекелеген кәсіпкерлер мен корпорацияларға қатысты енгізілуі мүмкін. Бұл да теңгенің әлсіреуіне негіз болатын факторлардың бірі. Ұлттық валютамыздың бағамын ұстап тұру үшін мемлекет алдымен долларды жұмсайды, содан кейін жұмсалған қаражатты өтеу үшін нарықтан кері сатып алады. Бұл жүйе девальвацияға әкелмейді, десе де, долларға деген сұраныс жоғарылап, теңгенің нығаюын тежейді», - деді Арман Бейсембаев.

«ҮЙДІ САТПАҢЫЗ, АҚШАНЫ ӘРТҮРЛІ ВАЛЮТАДА САҚТАҢЫЗ»

Қаржыгерлердің пікірі келесі жылы да жағдай оңай болмайды дегенге саяды. Алаңдаған адамдарға айтатын кеңесі де баяғыдай. Айтуынша, әркім жинаған қаражатына дифференциалдау жасағанда ғана өкінішке ұрынбайды. Жылжымайтын мүлікті сатпай, сақтаған жөн. Себебі, пәтер құны да көтеріледі. Биыл пәтер құны кемінде 15% көтерілді. Мемлекеттік бағдарламалар көбейген сайын, тұрғын үйдің құны да қоса көтеріледі. Құрылыс материалдарын есептеуден бөлек, мемлекеттік бағдарлама бойынша жоспардың орындалуы тиіс екенін білетін алыпсатарлар, жылжымайтын  мүлік агенттіктері, құрылыс компаниялары бағаны түсірмейді.

«АҚШ билігіне Байденнің келуі доллардың тағы қымбаттауына тікелей әсер етеді.  Жаңа президенттің инаугурациясы өткен соң доллар қымбаттай бастайды. Себебі, ол мұнайға тәуелділікті азайтып, жасыл экономиканың дамуына көңіл бөліп, баламалы энергия көздерін дамытуға 2 триллион доллар құятынын айтты. Ондай жағдайда мұнай бағасы құлдырап, теңге әлсіреп, экономикаға кері әсерін тигізеді. Навальныйдың улануына қатысты Еуроодақ салған санкция әлі  алынған жоқ, оның жалғасатынын ескерсек, Ресейге тағы да қысым басталады. Бұл келесі жылы да теңге әлсірейтінін білдіреді.

Доллардың қанша теңгеге дейін қымбаттайтынын болжасақ та, оны айтуға рұқсат бермейді. Экономистерге бұл этикалық тұрғыдан дұрыс емес деп түсіндіріледі. Сондықтан аталған жағдайларды ескере келе, қаржысы бар адам оны дифференциалдау керек. Бір валютада емес, еуро, доллар және теңгемен сақтаған дұрыс. Тағы бір қағида бар: жаппай қымбаттағанда сатып алма, ел жаппай өткізгенде - сатпа. Екі жағдайда да ұтыласың. Ал пәтер бағасы біртіндеп көтеріле береді. Мысалы, жазда «Алматы жастары» бағдарламасымен баспана беріледі дегенде, ескі үйлердегі бір бөлмелі пәтерлер 14 миллион теңгеге де табылмады. Нарықтағы ойыншылар иптотека арқылы болса да пәтерлердің сатылып кететінін біледі», - деп сөзін аяқтады сарапшы Мақсат Халық.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары