$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.11.2020, 16:17
Экономика

«Қазатомөнеркәсіп» IPO арқылы 85 млрд теңгеге сатылды

Алайда, Қаржы министрлігі оның жаңа иесі кім екенін жарияламады

«Қазатомөнеркәсіп» IPO арқылы 85 млрд теңгеге сатылды
Фотоколлаж

Үкіметтің жақындағы бір отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жекешелендіру жоспарының 93%-ға орындалғанын хабарлады. Осы 93% көрсеткішті 100%-ға жеткізу үшін министрлік биыл 74 нысанды сатуы керек еді.

Жыл аяғы жуықтап қалса да, 74 нысанның 39-ы ғана сатылымға шыққан. Оның өзінде, небәрі 7 нысан ортақ сомасы 100,4 млрд теңгеге сатылып отыр. Соңғы сатылым 30 қазанда болған, тікелей атаулы сату арқылы 9 млрд теңгеге жуық қаражатқа «Самұрық-Қазынаға» қарасты нысанның бірі сатылды.

«Сауда-саттықта 32 нысан тұр. 6 объект қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді.16 объект жыл соңына дейін сатуға қойылады. 13 жобаны сатылымға шығару мерзімі 2021-2024 жылдарға ауысты», - деп хабарлаған еді Ерұлан Жамаубаев сол кезде.

«Azattyq Ruhy» Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінен ресми жауап сұратып, 100 млрд теңгеге сатылған нысандардың атауын, әрқайсысы неше теңгеге сатылғанын білді. Әлі сатылмай тұрған 32 нысан туралы да ақпарат бар.

УРАН ӨНДІРІСІНІҢ АЛПАУЫТЫ 85 МЛРД ТЕҢГЕГЕ САТЫЛДЫ

«Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарының биыл сатылған 7 нысанның сату күні мен бағасы мынандай:

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ акцияларын IPO арқылы орналастыру нәтижесі бойынша мәміле сомасы ғана есепке алынады, өйткені акцияларды орналастыру 2018 жылдан басталды», - деп хабарлаған комитет ресми жауабында.

Мұндағы ең арзанға сатылған компания – «ЖЕТЫСУ-KAZAKHSTAN TRADE COMPANY» ЖШС, ол пайдалы казбаларды барлау, өндіру, қайта өңдеу саласындағы компания. 2011 жылы тіркелгелі бері кірісі де, шығыны да, тіпті, жұмысшысының саны да 0-ге тең болып тұр. Компанияны жекешелендірудің мақсаты – бәсекелі ортаға кіргізу деген түсініктеме беріліп тұр. Сатып отырған – «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (сатылымнан түскен қаражат корпорацияда қалады – авт.).

Ал ең қымбат нысан – «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы. Оны IPO-ға шығарған – «Самұрық-Қазына». Компания биыл маусым айында 85 млрд 165 млн теңгеге сатылған. Мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында «ҚазАтомөнеркәсіптің» кірісі – 327 млрд теңгеге, меншіктегі капиталы 308 млрд теңгеге бағаланған.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Бақытбек Тәшеновтің айтуынша, алып компанияны кімнің сатып алғаны құпия.

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДЕН ТҮСЕТІН ҚАРАЖАТ БЮДЖЕТКЕ ӨТЕ МЕ?

Біз осы сұрақты мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне қойдық. Ведомство төрағасы Бақытбек Тәшеновтің қолымен келген ресми жауапта қаражаттың екі «қоржынға» баратыны хабарланған. Яғни, Ұлттық қор мен жергілікті бюджет.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, республикалық меншік объектілерін жекешелендіруден түсетін түсімдер Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына, коммуналдық меншік объектілерінен жергілікті бюджеттерге жіберіледі. Мемлекет тікелей қатысатын ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың объектілерін сатудан түсетін түсімдер заңнамада белгіленген тәртіппен Ұлттық қорға немесе Ұлттық қор алдындағы міндеттемелерді өтеуге жіберіледі. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың объектілерін сатудан түсетін түсімдер олардың өздерінің иелігінде қалады», - деп хабарлаған комитет.

ШЫМКЕНТ ӘУЕЖАЙЫ, АҚТӨБЕ ФУТБОЛ КЛУБЫ МЕН ҰЛТТЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ. КІМ ҚАНДАЙ МҮЛКІН САТЫП ЖАТЫР?

Комитет Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша сауда-саттыққа шыққан 39 нысан туралы ақпарат ұсынды. Олардың әрқайсысы неше теңгеге сатылғанын әрине сатып алу өткен соң білуге болады. Әзірге, мемлекеттік реестр сайтында осы нысандардың меншігіндегі кейбір мүліктердің сатылымға шыққан бағасы көрініп тұр.

2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша сауда-саттыққа шыққан 39 объект бойынша ақпарат:

Айтқанымыздай, Қаржы министрлігі өзінің әуел бастағы жоспарынан сәл кешігіп, жыл соңына дейін 16 нысанды сатып үлгереміз дегенге үмітті отыр. Жыл басынан бері жекешелендіруге шыққан 7 нысанды қосқанда, биыл 23 обьект жекенің қолына өтеді. Azattyq Ruhy дәл қандай 16 нысан неше теңгеге сатылғаны туралы қосымша ақпарат таратады.Бұлардың арасында, мәселен, Ақтөбе спорт клубының мүлкі биыл тамызда 113 млн 999 мың теңгеге бағаланған. Мүліктер арасында клубтың автобустары, жеке көліктері, орындықтары мен принтерлері де бар. Мемлекеттік реестрлер сайтында әзірге Шымкент әуежайы туралы ақпарат жоқ.

Ақпарат үшін:

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – уран, сирек металдар, атом электр станцияларына арналған ядролық отын импорты мен экспорты бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық операторы. 2009 жылдан бері Қазақстан табиғи уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы.

Ұлттық атом компаниясының активтері геологиялық барлау, уран өндіру, ядролық отын циклының өнімдерін өндіруден бастап, ғылым, әлеуметтік қамтамасыз ету және маман даярлауға дейінгі түпкі өнім өндіру тізбегіне қатысатын кәсіпорындар кешенін қамтиды.

«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы 1997 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлыққа қол қоюынан кейін жұмысын бастады.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары