«Азия Авто» холдингінің еркелігі: ірі кәсіпорын жеңілдіктен неге айырылды?
Пандемия кезінде Қазақстанда рекордтық көлемде автокөлік өндірілген
Қазақстан автоөндірісі биыл рекордтық көлемде автомобиль өндірді. Жыл басынан бері елде 61 796 көлік құралы құрастырылған. Бұл туралы Қазақстан Автобизнес қауымдастығы (АКАБ) мәлімдеді.
Елде 2020 жылдың алғашқы он айында техника өндіру көлемі 58,4% артқан. Ал экспортқа 6 039 автомобиль шығарылған. Жақында Ұлттық экономика министрлігі өткен тоғыз айдың қортындысы бойынша қызмет көрсету саласы карантинге байланысты (-6,1%) төмендегенін мәлімдеген еді. Бірақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өндіріс саласында дамуға мүмкіндіктер жасаған. Мысалы, тауар өңдеу – 3,2%, тамақ өндірісі – 3,4%, ал фрамацевтика бірден 39,7%-ға артса, металл өңдеу – 19,5%, машина жасау – 16,5%, соның ішінде автомобиль өндірісі 53,6%-ға артыпты.
Қазақстан Автобизнес Қауымдастығының мәліметіне қарағанда, бұл рекордтық көрсеткіш. Өткен жылдың осы кезеңімен, яғни қазан айымен салыстырғанда 33,4%-ға жоғары (2019 жылы қаңтар-қазан айларында 26%).
ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 85 МЫҢ АВТОКӨЛІК ҚҰРАСТЫРЫЛАДЫ. БҰЛ – РЕКОРД
Көлік құралдарын жинайтын зауыттар арасында «СарыарқаАвтоПром» алдыңғы орында тұр. Қостанайдағы зауытта биыл 30 мыңнан астам көлік құрастырылған. Былтыр осы кезде олардың көрсеткіші 19 мың автокөлік болатын (+56%). Одан кейін Өскемендегі «Азия Авто» тұр, еншісінде – 20 мың 955 автокөлік (+31%). Ал Алматыда жаңадан салынған «Hyundai Trans Kazakhstan» зауыты 4 206 автомобилей құрастырыпты. Елдегі негізгі көлік өндірісін ұстап отырған Лаврентьев-Балушкин-Смағұлов «үштігі» биыл осындай жетістікке жеттік деп, алақандарын ысқылап отыр.
Айта кету керек, Семейдегі СемАЗ, Көкшетаудағы «КамАЗ Инжиниринг», Алматыдағы «Hyundai Trans Auto» және «Daewoo Bus Kazakhstan» бірігіп, жыл басынан бері 4500 ауыр автокөлік (жүк көлігі, автобус) құрастырған.
Қазақстандық зауыттар соңғы жылдары экспортқа да жұмыс істей бастады. Биылғы 10 айда жақын шет елдерге 6 мың автокөлік жөнелтілген. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Беларусь Республикасына Hyundai, Chevrolet, JAC және Ravon сатылған.
Қазақстан Автобизнес қауымдастығы 2020 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш тағы да 20 мың автокөлікке артып, елде 85 мың автомобиль өндіріледі деп сендіреді.
ЕЛДЕ LADA САТЫЛЫМЫ ӘЛСІРЕП, RAVON R3 КӨЛІГІНЕ СҰРАНЫС АРТТЫ
Ілгеріде Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне пікір білдірген автосарапшы Әрсен Шакуов отандық автонарыққа деген сенімнің азайғанын айтқан болатын. Оның айтуынша, Қазақстанда Toyota Camry көлігін жоғары бағалайды. Бірақ ол қымбат. Ал ресейлік LADA-ның құны 2 млн 600 мың теңгеден басталады. Алайда оны бірден сатып алу оңай емес, жарты жыл күтіп, кезекке жазылу керек. Соған қарамастан, тұтынушы солтүстіктегі көршінің көлігін таңдап жатыр. Десе де, соңғы айларда ВАЗ автокөліктері Қазақстанда сатылым жағынан позициясын жоғалтқан. Қазір Қазақстан нарығында ең көп сұранысқа ие көліктің бірі – Ravon R3 Nexia. Ол Қостанайда құрастырылып жатыр.
АКАБ-тың мәліметіне қарағанда, ең өтімді автомобильдер нарығын қазан айында Chevrolet жаулай бастаған. Дилерлер 2 077 (+54% қыркүйекпен салыстырғанда) көлік сатыпты. Одан кейін корей автонарығының мақтанышы – Hyundai маркасының 1 947 данасы (+9%), Lada – 1 723 данасы (+19%) өткен. Ал Toyota – 771 жеңіл көлік, Kia – 371, Ravon 358 автомобиль сатқан. Жалпы, қазақстандықтар жыл басынан бері 73 246 жаңа автокөлік сатып алған.
Графика. Қазақстан Автобизнес қауымдастығы сайтынан алынды
ЗАУЫТТАР ОРТА ТАП ҮШІН ЕМЕС, АРЗАН КӨЛІКТЕР ҚҰРАСТЫРҒАНДА ҒАНА ҰТАДЫ
Автоблогер Олжас Оқас автонарықта арзан бағалы көліктердің өтімі жоғарылады дейді. Ал орта сегменттегі көліктерге сұраныс төмендеген. Бұл елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың көрінісі дейді автосарапшы.
«Қазір орта санаттағы көліктер нашар сатыла бастады. Ал арзан және өте қымбат көліктердің сатылымы өте жақсы. Бүкіл статистика жаңа көліктерге сүйеніп жасалады. 7 млн теңге мен 30 млн теңге аралығындағы автокөліктер сатылымы неге төмен десек, бұл – халықтың әл-ауқатының төмендегенінің белгісі. Статистикаға қарасақ, соңғы айларда Ravon R3 және Ravon R4, Chevrolet Cobalt деген модельдер жақсы сатылған. Олар Қостанайда құрастырылады. Бағасы шамамен 3,5 млн теңгеден басталып, 6 млн теңге аралығында. Осы көліктер сатылым бойынша рекорд орнатты. Бұған дейін «Камри» лидерлік позицияны ұзақ сақтап келген. Оның бағасы 9 млн теңгеден жоғары. Ал қымбат көліктердің сатылымы бұрынғыдай: жылына 3 мың данадан жоғары, бағасы шамамен 30-40 млн теңге. Бұл – премиум санатты көліктер», - дейді О. Оқас.
Ал ескі көліктер ішінде «Камри» 40, 45, 50, 55 және «Камри» 70 көлігінің жүрілген түрлері сұранысқа ие. ВАЗ көлігінің жаңасы да, есікісі де сатылады. Бірақ сапасы нашар болғандықтан, халықтың сенімі төмен. Ал Ravon R3 Nexia трансмиссиясы ұзақ қызмет еткендіктен, жақсы сатылып жатыр дейді автоблогер.
Қазір Қостанайда қытайдың «JAC» деп аталатын көлігі құрастырла бастады. Ең қызығы, осы автокөлікті қазақтар жаппай сатып алып жатыр. Зауыт жақында іске қосылса да, 1 мыңнан астам автокөлік сатылған.
«Тағы бір назар аударатын жағдай, әлемде автонарық тұралап, пандемия кесірінен ірі зауыттар жабылып жатыр. Жағдай қиын. Ал бізде осы кезде рекордтық деңгейде көлік өндірілді. Бұл – парадокс. Мүмкін дағдарыс бізің экономикаға оң әсер еткені шығар?! Бізге қазір төменгі сегменттегі, арзан көліктерді көп шығару керек», - дейді Олжас Оқас.
АНАТОЛИЙ БАЛУШКИН СУБСИДИЯҒА БЕРІЛГЕН ҚАРАЖАТТЫ ҚАЙДА ЖҰМСАП ЖҮР?
Ал экономист әрі блогер Денис Кривошеев «Азия Авто» компаниясы мен оның иесі Анатолий Балушкинге қатысты сериялық зерттеуін жалғастырды. Бұған дейін ол «Азия Авто» — черная дыра весом 106 миллиардов тенге?» деген мақаласында Өскемендегі зауыт пен елдегі ондаған автосалонның қожайыны мемлекеттен субсидия алып, оны мақсатсыз жұмсап отырғанын жазған еді. Қазақстандағы ең ірі автоөндірістік кәсіпорынның айналасындағы дау-дамай туралы сараптамада 2003-2019 жылы қараша айының аралығында республикалық бюджеттен көмек ретінде 340 млрд теңге қаражат алған. Балушкинге зауыт салу үшін 350 га жер телімі тағы берілген. Ал биыл инвестор бюджеттен тағы да 40,5 млрд теңге алды.
Жоғарыдағы қаражаттан компания 44 млн АҚШ долларын демалыс аймағын салуға, ал 72 млн АҚШ долларын Ресей Федерациясынан автокөліктер сататын автосалондар сатып алуға жұмсағаны туралы айтылыпты.
«Бипэк Автоның» Қазақстанда 20 филиалы жұмыс істейді. Ал Ресей аумағында 12 қалада авомобиль салондары қызмет көрсетеді. Барнауыл, Кемерово, Новосибирск, Тюмень, Омск сияқты оңтүстік аймақтағы облыс орталықтарында ВАЗ автокөліктерін сатумен айналысады. Бұл туралы компанияның ресми сайтында көрсетілген.
Шығыстағы автомобиль зауытын басқаратын ірі компания Jysan Bank АҚ алдында несиелік қарызын өтемеген. Кәсіпорынның қаржы инситутына 106 млрд теңге берешегі бар. Компания өзге де ірі қаржы мекемелеріне қарыз, дейді Кривошеев.
Оқи отырыңыз: Отандық автоөндіріске бөлінген қаржы неге Ресей нарығына жұмыс істеп жатыр?
Айта кету керек, жоғарыда «Азия Авто» зауыты қаңтар-қазан айында құрастырылған 61 796 көліктің 31 пайызын, яғни 20 мыңнан астам көлік құрастырғанын еске саламыз. Бұл кәсіпорын «Киа», «Шевроле», «Нива», «Шкода» сияқты танымал маркаларды құрастырып, отандық нарықта саудалайды. Қазақстандағы «ВАЗ» концернінің бас дистрибюторы. Бас кеңсесі Өскемен қаласындағы Тәуелсіздік 92/1 мекен жайында орналасқан. Оның жалғыз иесі – Анатолий Балушкин. Оның соңғы бес жылдағы салықтық түсімдері:
- 2015 жыл – 248 112 635,0 мың теңге
- 2016 жыл – 138 456 815,0 мың теңге
- 2017 жыл – 304 376 728,9 мың теңге
- 2018 жыл – 354 252 812,4 мың теңге
- 2019 жыл – 10 255 570,0 мың теңге
- 2020 год – 3 970 051,0 мың теңге
«АЗИЯ АВТО» ХОЛДИНГІ ӨНДІРІСТІК ҚУАТТЫ АРТТЫРУЫ ТИІС ЦЕХ САЛА МА?
Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі тілшісіне сұхбат берген Д. Кривошеев к«омпания иесі Анатолий Балушкин Қазақстанда зауыт салуға асығар емес» дейді. Оның мемлекет алдындағы міндеттемелеріне сәйкес, құрастырылған көліктердің 50% жергілікті жерде жасалуы тиіс. Яғни, көліктерді дәнекерлеу жұмыстары мен шанағын бояу өз елімізде жүруі керек.
«Өкінішке қарай, субсидия ретінде алынған миллиардтаған теңге қаражат басқа жобаларға және өзге елдің аумағына жұмсалып кеткен. Бұл – тиімсіз менеджмент пен елге деген жанашырлықтың болмауынан. Ертең кәсіпорын өзін банкрот деп жариялап, мыңдаған адам жұмыссыз қалғанда, «Неге бұлай болды? » деп, таңданып жүрмейік.
Мен бұл былық туралы бірнеше рет жаздым. Балушкин Ресей аумағындағы активтерге капитал салуды жалғастырып келеді. Ол қолда бар қаражатқа Қазақстанда баяғыда көлік зауытын қайта жаңғыртатын жобаларды жүзеге асырса болар еді. Алайда осы күнге дейін мемлекеттен алған 340 млрд теңгеге есеп бере алмай басы қатып жүр», - дейді Кривошеев.
Айта кету керек, жақында «Бипек Авто – Азия Авто» холдингінің еңбек ұжымы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевқа Өскемендегі «Азия Авто» автомобиль құрастыру зауытының жұмысын тоқтатуға жол бермеу туралы өтінішпен жүгінген. Оған Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің биыл сәуір айындағы өнеркәсіптік жинастыру туралы келісімді мерзімінен бұрын бұзуы себеп болған.
Оқи отырыңыз: «АЗИЯ АВТО» жұртты жаңылдырып отыр – Индустрия министрлігі
Индустрия министрлігі ақырында сот арқылы «Азия Авто» холдингіне беріліп келген преференциялар, яғни жеңілдіктер туралы келісімдерді бұзды. Осыдан кейін олигарх зауытты тоқтатып, 5 мың адамның жұмыссыз қалу қаупі бар екенін мәлімдеген.
«АЗИЯ АВТО» КІМГЕ ТИЕСІЛІ?
Денис Кривошеевтің айтуынша, жұмысшыларды ортаға салып, зауытқа мемлекет басшысының қолдау білдіруін сұрауы, баспасөзде тапсырыспен ондаған мақала жазғызуы мәселені шешпейді. Ол Үкіметтен алатын жеңілдіктерді алдағы уақытта да жалғастыра беру үшін қоғамның назарын өзіне аударып, ЕАЭО аясында жұмыс істеп жатқанын айтумен әлек. Шын мәнінде, ол өндірістік қуатты арттыру үшін алған қаражаттарды қайда жұмсағанын мойындап, зауыт құрылысын бастауға міндетті дейді сарапшы.
«Әрине, оған бізің елді жұмыс істеуге ешкім кедергі келтіріп отырған жоқ. Ол ары қарай да өзінің «тазиктерін» шығаруын жалғастыра берсін. Бірақ ол мойнына алған міндеттемелерді орындап, цехты салмаса, жеңілдік алмайды. Осы әділетті шешім деп ойлаймын. Ендеше жұмыс орындарын сақтап, өндірістік процестерді ілгерілетіп, шетел асырған миллиардтарды қайтаруға міндетті. Әйтпесе, ол компаниядағы үлесінен әп-сәтте айырылып, банкротқа ұшырауы кәдік», - деп есептейді блогер.
Ашық дерекөздеріндегі ақпараттарға қарағанда «Азия Авто» өзінің 10% акциясын ресейлік «Энергохолод» компаниясына сатқан. KASE қор биржасындағы деректерде:
- Анатолий Балушкин – 74% акцияға;
- Дәурен Жақсыбек – 10%;
- Ержан Мәндиев пен Владимир Попов – 5%;
- Игорь Потапов – 3%;
- Ерік Сағымбаев – 2,5% иелік етеді.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы