Қазақстан Қытайға экспортты 1,6 миллиард долларға арттырмақ
2018 жылы өзара сауда көлемі 11,7 млрд долларды құрады
Қазақстан Қытайға экспортты 1,6 млрд долларға ұлғайтуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі LS қаржы агенттігіне сілтеме жасап.
Сауда және интеграция министрлігі тауар айналымы 60 тауар позициясы бойынша өсуі мүмкін деп түсіндірді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары барысында, Қазақстанның сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен ҚХР Коммерция министрі Чжун Шань өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Қазақстандық тарап отандық өнімнің Қытайға экспортын 1,6 млрд долларға ұлғайтып, өзара саудадағы оң трендті нығайтуды ұсынған», - деп түсіндірді Сауда министрлігі.
Министрлікте атап өткендей, Қытаймен сауда айналымының үлесі 2018 жылы Қазақстанның жалпы саудасының 12,3% құрады. Өткен жылы өзара сауда көлемі 11,4 пайызға артып, 11,7 млрд долларды құраған.
«Биыл біз екі ел арасындағы өзара сауда-саттықтың қарқынды өсіп келе жатқанын байқап отырмыз. 2019 жылдың жеті айында тауар айналымы 8 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 31,2% жоғары», - деді ведомстводағылар.
Еске салайық, бұған дейін Тоқаев Қытайға бидай экспортын 3,5 есе яғни, 2 миллион тоннаға дейін арттыруды ұсынған болатын.