ШұғылCOVID-19: өткен тәулікте 1266 адамнан коронавирус анықталды

Қазақстанда ЖІӨ 4,7%-ға өседі – сарапшылар

Еуразиялық даму банкінің сарапшылары осы жылдың соңына қарай инфляция деңгейі 7,1% болады деп болжап отыр

Фото: ашық дереккөзден

Еуразиялық даму банкі 2021-2022 жылдары Қазақстан экономикасы қалай өзгеретініне болжам жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қаржы институтының макроэкономикалық шолуында осы кезеңде елдің ЖІӨ жылына орта есеппен 4,7%-ға өсетінін болжады. Айта кетерлігі, ЖІӨ осы жылы 2,5%-ға төмендеген.  

«COVID-19 пандемиясының салдары жаһандық іскерлік белсенділік пен халықаралық сауда көлемін қысқартты. Қазақстан экономикасы қалыптасқан жағдайда 2020 жылғы қаңтар-маусымда 1,8% қысқарды. Ішкі санитариялық шектеулердің қолданылуы, сыртқы сұраныстың төмендеуі, мұнай бағасының құлдырауы, сондай-ақ ОПЕК+ уағдаластықтары шеңберінде оны өндіру қарқынының баяулауы экономикалық серпінге әсер ететін негізгі факторларға айналды», - деп түсіндірді ЕАДБ сарапшылары. 

Қаржы институты сарапшыларының болжамына сәйкес, осы жылдың екінші жартысында карантиндік шектеулерді жеңілдету және ынталандырушы монетарлық және фискалдық саясатты сақтау экономикалық белсенділікті қалпына келтіруге жағдай жасайды деп санайды.

«2021 жылы мемлекет дағдарысқа қарсы қолдау жүргізеді, сәйкесінше, бұл пандемияның экономикаға теріс әсерін азайтады. Соның нәтижесінде, 2021-2022 жылдары ЖІӨ өсімі жылына орта есеппен 4,7%-ға артады. Бұл – 2020 жылы 2,5%-ға төмендегеннен кейінгі болжам. Сонымен қатар, белгісіздіктің, әлеуметтік алыстаудың, шектелген сыртқы сұраныстың және әлсіз инвестициялық белсенділіктің артуына байланысты бұл процесс ұзаққа созылады: 2021-2022 жылдары дағдарысқа дейінгі өндіріс деңгейіне оралу күтіледі, ал өндіріс шығарылымының бұзылғандығы барлық секторға теріс әсерін тигізді», – деп нақтылады мамандар. 

Осылайша, мамыр-маусым айларында теңге «жоғалған» позицияларын қалпына келтіруде, $1 үшін 397 теңгеге дейін нығайды. Бұған ел ішінде және шетелде экономикалық белсенділікті қалпына келтірудің басталуы, сондай-ақ мұнай котировкаларының өсуі ықпал етті. 

«Еуразиялық даму банкі коронавирустың таралу қарқынының баяулауы және геосаяси жағдайдың қалыпқа келуі жағдайында 2021 жылы бағытты тепе-теңдік деңгейіне түзетуді күтуде. Сонымен қатар осы жылы тұтыну бағалары индексінің өсу қарқыны валюта бағамының ауысуы, халықтың жекелеген тауарларға уақытша дүрлікпе сұранысы және жеміс-көкөніс өнімдерінің қымбаттауы әсерінен біршама жеделдеді. Осы жылдың соңына қарай ЕАДБ инфляцияны 7,1% деңгейінде болжайды, ал бағаларға қысым ұлттық валютаның әлсіреуін оларға ауыстыруды жалғастырады», – деп күтуде қаржы институтының сарапшылары. 

Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан