Қыркүйек айында Ұлттық қор 1,5 млрд долларға жуық қаржы жоғалтты
Ұлттық банк мұның себептерін түсіндірді
Қыркүйек айында Ұлттық қор 1,5 миллиард доллар жоғалтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Алдын ала мәлімет бойынша, Ұлттық қордың валюталық активтері қыркүйек айының соңында 57,3 млрд долларды құрап, айдың қорытындысы бойынша 1,4 млрд долларға төмендеді. Ұлттық қор мөлшерінің төмендеу себептерінің бірі – қыркүйек айында бюджетке 230 млрд теңге сомасында кепілдендірілген трансферттерді бөлу жөніндегі міндеттемелерді орындау үшін шамамен, 551 млн долларға Ұлттық қордың валюталық активтерін сату болды. Сонымен қатар, мұнай бағасының салыстырмалы түрде төмен болуына байланысты, қорға түскен валюталық түсімдер тек 43 млн долларды құрады», – деді ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.
Оның айтуынша, екінші тоқсанда әлемдік нарықта қайта қалпына келу процесі жүріп, бірінші тоқсандағы кері динамиканың орнын жапқан. Экономиканың қайта жандануы, сондай-ақ коронавирусқа қарсы вакцинаны жедел ойлап табуға байланысты жағымды болжамдардан кейін әлемдік индекстер пандемияға дейінгі көрсеткішке қайта оралды. Нәтижесінде, тамыз айының соңындағы жағдай бойынша жыл басынан бері Ұлттық қордың инвестициялық кірісі шамамен 2,3 млрд АҚШ долларын құрады.
«Алайда, COVID-19 екінші толқынына алаңдаушылық қыркүйек айында нарыққа тағы да кері әсерін тигізді, дамыған елдердің жаһандық акциялар нарығының индексі MSCI 3,6%-ға төмендеді. АҚШ долларының нығаюына байланысты жаһандық мемлекеттік облигациялар портфелінің табыстылығы да теріс көрсеткішті (-) 0,68% көрсетті. Нәтижесінде, қыркүйек айындағы Ұлттық қордың инвестициялық табысы төмендеп (-) 850 млн долларды құрады. Қордың жалпы инвестициялық табысы жыл басынан бері шамамен 1,5 млрд долларды құрады», – деп атап өтті Ұлттық банк басшысының орынбасары.
Өткен айда алтынның бағасы 73 долларға немесе 3,7%-ға төмендеді, бұл алтын-валюта резервтері көлемінің төмендеуіне әсер еткен.
«Қыркүйек айында резервтер 35,4 млрд доллардан 33,8 млрд долларға дейін (1,6 млрд долларға) қысқарды. Алтын портфелі шамамен, 800 миллион долларға төмендеді. Резервтер төмендеуінің басқа да факторлары мыналар: Ұлттық банкте ұстап отырған, екінші деңгейлі банктердің шоттарындағы қаражаттың 450 млн долларға азаюы, 232 млн долларға интервенция жүргізу, сондай-ақ 100 млн долларға сыртқы мемлекеттік қарыз төлеу. Ал алтын «алтын-валюта резервтерінің» 2/3 бөлігін ғана алады. Дегенмен, қазіргі нарық жағдайында қордағы алтынның жоғары үлесі ақталған және резервтердің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп есептейміз», – деп толықтырды Әлия Молдабекова.
Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан