Сағынтаевтың назарына: «Алатау» технопаркі жандана ма, жабыла ма?

Технопаркте өндірістің белгілері мүлдем байқалмайды

Сағынтаевтың назарына: «Алатау» технопаркі жандана ма, жабыла ма?

Алматыдан 15 шақырым жерде орналасқан «Алатау» технопаркі жыл сайын индустрияландыруға орай өтетін дәстүрлі телекөпір барысында бір рет еске алынатын. Министрлер мен аймақ әкімдері Мемлекет басшысының алдында «Керемет дүниелер жасалып жатыр» деп есеп беруден де жалыққан емес. Шенеуніктердің мәліметтеріне сенсек, ақпараттық технологиялар паркінде 158 компания жұмыс істеп жатыр. Жобаның бірінші кезеңі аяқталып, қазір инвесторлар екінші кезеңіне аяқ басты.

Бірақ мұнда жағдай атқамінерлер айтқандай ма? Azattyq Rýhy тілшісі «Силикон алабы» болады делінген амбициялық жобаның қазіргі жай-күйіне ішіне енбей-ақ, сыртқы бейнесіне үңіліп көрген. Астаң-кестеңі шыққан ғимараттар, қирап жатқан дүние-мүлік пен қараусыз қалған ауқымды территориядан фоторепортаж ұсынады.

Одан бұрын, бұл жобаның маңыздылығына аз-кем тоқталып кетсек. Елбасы 2017 жылдың соңында елді индустрияландыруға орай өтетін жиында «Алатау» технологиялық паркіне байланысты: «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында басты рөлді ғылым атқарады, яғни «Алатау» технопаркі мен «Назарбаев университеттің» міндеттері ауқымды... Бұл біздің «Силикон алабымыз... «Алатау» паркін құрып бастағанымызға көп болды, ауқымды ақша жұмсалды, бірақ нәтиже көрінбейді. Үкіметте біреу біле ме? Дамытамыз ба, жоқ әлде жабамыз ба?» деген болатын.

Шығар-шықпас жаны бар ақпараттық технологиялар паркінің инновациялық алаңында 160-қа жуық компания тіркелген дедік. Алматы әкімдігінің мәліметінше, мұнда қазір нақты 20-ға жуық компания ғана жұмыс істеп жатыр. Қалғандары оның сыртында, яғни тіркелгенімен,  қалада отырып жұмыс атқарып жатыр. Бірақ олардың нақты қандай өнім шығарып отырғаны туралы ақпараттар мардымсыз. Ақпараттық технологиялар алқабына жауапты басқарушы компания дерегінше, осы күнге дейін инфрақұрылымға 20 млрд теңге жұмсалған. Қағаз бетінде бәрі сайрап тұр. Бірақ жұрт әлі күнге аузы көкке ілінбеген «көтерем малдың» күйін кешіп отырған парктегі жобалардың игілігін бүгін көргісі келеді.


2003 жылы жаңа бәсекеге қабілетті өндірістерді құру және еліміздің ғылыми-техникалық және инновациялық әлеуетін толыққанды пайдалану мақсатында «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды.


Алатау» технопаркінің екінші кезеңін дамыту 2017 жылы қолға алынған.


Парк аумағында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру үшін қыруар қаражатқа инфрақұрылым тартылды.


Бірақ «Алатау» инновациялық технологиялар паркінде жұмыс істемей тұрған нысандар көп. Мысалы, Қазақ-Британ техникалық университеті 30 гектар жерді алып, құрылыс бастады да, жарты жолдан тоқтатып қойды. Мұнда кампустар болуы керек еді.


Сол сияқты, ондаған компанияның жұмысы жарты жолдан тоқтаған. Оны мынадай қаңқасы ғана тұрған ғимараттардан байқау қиын емес.

Құрылысы аяқталған, бірақ бірнеше жылдан бері ішінде тірі жан жоқ ғимараттар да бар.

Қаланың шағынаудандарында халық зар болып отырған тақтайдай асфальт мұнда бірнеше шақырымға созылады. Веложолдар да төселген. Бірақ онымен адам да, көлік те жүрмейді.

Суағардың қақпағын ұрлағаны үшін бізде заң қатаң. Ал мұнда бюджеттің ақшасына салынған ондаған шойын қақпақтың қолды болғанын байқауға болады.


Жиектастар үгітіліп, көшеге жарық бертін лэд-шамдар түнгі уақытта текке жанып тұрады. Жол белгілері де барлық жерде құлап жатыр.

«Силикон алабы» болады деген аймақта күзет те жоқ.

Шенеуніктер қазынаның ақшасына салынған ғимараттардың есік-терезесі сынып, дәретханаға айналғанынан бейхабар ма?


Мынау «Алатау» технопаркінің әкімшілігі отыратын ғимарат, оның қасында бірінші кезеңде салынған жобаның бірі байқалады.

Ришат Асқарбекұлы, Әсет Құндақбаев, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.